«Кітап – уақыт мұрасы» көрмесі
Кітап – адамзат өркениетінің жады. Ғасырлар бойы жинақталған білім мен тәжірибе, халықтың тарихы мен мәдениеті, ғылым мен өнердің жетістіктері кітап беттерінде сақталып келеді. Музейде осы рухани құндылықты дәріптейтін «Кітап – уақыт мұрасы» атты көрме ашылды.
Көрме сөрелеріне әр жылдары жарық көрген түрлі бағыттағы басылымдар қойылған. Тарих пен әдебиеттен бастап, география, музыка және мәдениет салаларына арналған еңбектер де бар. Олардың әрқайсысы белгілі бір кезеңнің тыныс-тіршілігінен сыр шертеді. Экспозициядағы кітаптардың арасында көне басылымдар да, кейінгі жылдары жарық көрген еңбектер де кездеседі. Уақыт өте келе кітаптың сыртқы үлгісі, безендірілуі мен басып шығару тәсілдері өзгергенімен, оның негізгі қызметі – білім мен рухани мұраны сақтау – сол күйінде қалған.
Тахмина Мерғалиева, Облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлім қызметкері:
Осы көрмеде ескі кітаптар қойылған. Ескі, сирек кездесетін кітаптардың арасында ерекше көзге түсетіні 1856 жылғы жазылған – Тянь-Шаньскийдің кітабы. Осы кітапты көруге болады. Және қазіргі таңдағы электронды кітаптар бар. Қазақ және әлем әдебиетінің кітаптары қойылған.
Бүгінде цифрлық технологиялар кеңінен қолданылғанымен, қағаз кітапқа деген қызығушылық әлі де жоғары. Оның әр беті оқырманды асықпай ойлануға, ақпаратты саралауға және жаңа дүниені тануға жетелейді. Ұйымдастырушылар кітапты тек ақпарат көзі ретінде емес, ұрпақтар арасындағы байланысты жалғайтын рухани көпір ретінде көрсетуді мақсат еткен. Себебі бүгін қолымызға алған әрбір кітаптың артында белгілі бір дәуірдің тарихы мен сол кезеңде өмір сүрген адамдардың еңбегі жатыр.
Тахмина Мерғалиева, Облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлім қызметкері:
Біздің көрмеде кітаптардан басқа жазушылардың қолданылған заттары да бар. Оған көзілдіріктері, жазба машиналары, үстел лампалары да бар.
Кітап – өткеннің үнін бүгінге жеткізетін, бүгінгі білімді келешекке аманат ететін құнды мұра. «Кітап – уақыт мұрасы» көрмесі осы сабақтастықты көрсетіп, келушілерді кітап әлеміне жақындауға үндейді. Музейдегі экспозиция арқылы әр оқырман тарихпен танысып, рухани мұраның қадірін сезіне алады.
Аяулым Усинова