Ұлттық ұлан жауынгерлері садақ атудан сайысқа түсті
Өскеменде Ұлттық ұланның 5518 әскери бөлімінің қызметшілері садақ атудан өзара бақ сынады. Ұлттық спортты әскери ортада насихаттауға бағытталған сайысқа отызға жуық сарбаз қатысты. Жарысты облыстық дәстүрлі садақ ату федерациясы ұйымдастырды.
Сайыс «Жекпе-жек» сарайында өтті. Қатысушылар нысанадан он бес метр қашықтықта тұрып, садақтан төрт жебе атты. Жауынгерлерден дәлдікпен қатар, мергендік пен жинақылық талап етілді. Нәтижесінде командалық есепте материалдық және техникалық қамтамасыз ету ротасы үздік атанды.
Ажар Төлеуханова, ШҚО бойынша дәстүрлі садақ ату федерациясының президенті:
Ұлттық спорт пен ұлттық ұланның үйлескен осындай меморандумы. Бір-біріне қолдау көрсетіп, бірігіп садақ атудан жарыс ұйымдастырдық. 7команда қатысты. Өте жоғары деңгейде, алғашқы рет қолына садақ алғандарына қарамастан жоғары нәтиже көрсетіп, оқтары санаға дөп тиді. Ұлттық спортты осылай қолдап, әрдайым көмектесіп отыратын жанашыр жандардың көп болғңаны көз қуантады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жарыстың мақсаты – әскери қызметшілердің дене дайындығын жетілдіріп, дәлдік пен зейінді дамыту. Капитан Ерхат Қарақұлов садақ атудың жауынгерлер үшін ұлттық спортты меңгерудің ғана емес, төзімділік пен өзін-өзі басқаруды қалыптастырудың да тиімді жолы екенін атап өтті.
Ерхат Қарақұлов, ҚР Ұлттық ұлан 5518 ә/б дене даярлығы және спорт бөлімінің бастығы:
Ұлттық спорт және ұлттық ұланымыздың бұл жарысты өткізудегі мақсаты, біріншіден меморандумға қол қойылды. Меморандумның мақсаты алдағы оқу жаттығу істерінде бір-бірімізге көмегімізді беру туралы ынтымақтастыққа қол қойылды. Әскерде жүріп қолымызға қару алатын болсақ, бұл жерде дәстүрлі садақты алып ер азаматтарымыз өздерінің шеберліктерін сынады.
Жарыс соңында жекелеген бағыттарда үздік нәтиже көрсеткен әскери қызметшілер грамота және медальдармен марапатталды. Сонымен қатар облыстық дәстүрлі садақ ату федерациясы мен 5518 әскери бөлімі арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжат аясында ұлттық спорт түрлерін әскери ортада кеңінен насихаттап, бірлескен жарыстар өткізу жоспарланған.
Бекарыс Әмірбек