Театр маусымы ашылды
Шығыс Қазақстан облыстық драма және оперетта театрының орыс труппасы 91-ші маусымын ашты. Алғашқы қойылым итальяндық драматург Карло Гольдонидің классикалық пьесасы – «Кьоджинские перепалки» комедиясы болды.
Кезекті демалысынан кейін қалың көрермендерімен қауышуға асыққан театр ұжымының жаңалықтары жетерлік. Театр басшылығы жыл сайынғы дәстүрге сай өткен маусымын қортындылап, алдағы жоспарларымен бөлісті.
Андрей Воронин, ШҚО драма және оперетта театры орыс труппасының көркемдік жетекшісі:
Өткен маусым 90-шы театр маусымы болды. Иә, ол мазмұнды әрі күрделі өтті, сонымен қатар айтулы оқиғаларға толы болды. Біз аздап тыныстап алдық, бірақ бұл босаңсуға болады деген сөз емес. Жаңа маусымда да тақырыбы мен жанры әртүрлі спектакльдер көрермен назарына ұсынылады. Қараша немесе желтоқсан айларында кіші сахнада Михаил Афанасьевич Булгаковтың «Морфий» шығармасы бойынша спектакль қоямыз. Шығарма 1906 жылы жазылғанымен, онда көтерілген мәселе бүгінгі күні де өзекті.
Өткір әзілге толы комедияны алғаш болып облыстық мәдениет басқармасының өкілдері, БАҚ өкілдері мен блогерлер тамашалады. Театр маусымының ашылуына арналған «Кьоджинские перепалки» спектаклінің премьерасы жоғары деңгейде өтті. Қойылым көрермендердің көңілінен шығып, әртістер халықтың ыстық ықыласына бөленді.
Тамара Коблова, ШҚО драма және оперетта театрының актрисасы:
Қазір менің театрдағы 47-маусымым. Әрдайым бұл біз үшін, әртістер үшін өте маңызды күн. Біз бұл күнді әрқашан ерекше шабытпен, сүйіспеншілікпен күтеміз. Барша тұрғындарды, барлық әртістерімізді, барлық қызметкерлерді осындай тамаша мерекемен құттықтағым келеді.
Қойылымда басты кейіпкер біреу емес, оқиға желісі бірнеше кейіпкердің төңірегінде өрбиді. Әр образдың өзіндік мінезі мен ерекшелігі бар, ал олардың өзара қарым-қатынасы спектакльдің негізгі желісін құрайды. Актерлер үшін бұл қойылым жаңа рөлдерді сомдап, шығармашылық мүмкіндіктерін көрсетуге мүмкіндік берді.
Никита Дерябин, ШҚО драма және оперетта театрының актері:
«Кьоджинские перепалки» спектаклінде мен Бэппоның рөлін сомдаймын. Ол Тонидің інісі, отбасының мүшесі. Бұл жұмыстың басқалардан айырмашылығы неде? Біріншіден, маған өзімнен кіші жас жігіттің рөлі берілді. Ал бұрынғы рөлдеріме қарасақ, көбіне жасы үлкен адамдарды сомдайтынмын, түрлі мінезді, өткір образдар болды. Сондықтан бұл рөлдің қызықтылығы да осында шығар. Ол – батыл, мінезі қызу, бойында нағыз итальяндық қан ойнаған кейіпкер.
Труппаның жаңа маусымға жоспары көп. Жаңа қойылымдардан бөлек, актерлер гастрольдерге дайындалып жатыр. Сондай-ақ Қарағандыға сапар жоспарланған.
Кәусар Идаятқызы