Ауладағы спорт клубтары лигасының финалдық кезеңі
Өскеменде ауладағы спорт клубтары лигасының финалдық кезеңі аяқталды. Жарыс «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында шағын футбол мен үстел теннисінен өтті. Финалға Шығыс Қазақстан облысының қалалары мен аудандарынан 663 мектеп оқушысы қатысты.
Қатысушылар үш жас санаты бойынша сынға түсті: 5-6, 7-8 және 9-10 сынып оқушылары арасында. Іріктеу кезеңдерінің қорытындысы бойынша финалға өңірдің үздік командалары мен спортшылары жолдама алды. 9-10 сыныптар арасындағы ақтық бәсекеде Глубокое ауданының құрамасы мен №48 мектептің командасы кездесті.
Дәулет Рамазанов, ШҚО прокуратурасы басқармасының аға прокуроры:
Финалдық кезеңді Шығыс Қазақстан облысының прокуратурасы өңірдің 2026–2027 жылдарға арналған жастар саясаты стратегиясы аясында ұйымдастырды. Басты мақсат — «Заң мен тәртіп» идеологиясын ілгерілету, жасөспірімдердің бос уақытын тиімді ұйымдастыру, салауатты өмір салтын насихаттау және құқыққа бағынатын мінез-құлық қалыптастыру. Жазғы демалыс кезінде өткен жарыстарға 4,5 мыңнан астам бала қатысты. Оның ішінде шағын футболдан 3 261, ал үстел теннисінен 1 357 оқушы бақ сынады.
Ақтық кезеңде оқушылар өзара мықтыны анықтады. Жарыс нәтижесінде жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатталып, үздіктерге медальдар мен кубоктар табысталды.
Бекарыс Энгельс