Негізгі Жаңалықтар Балалар денсаулығын қорғаудағы жаңа мүмкіндіктер

Балалар денсаулығын қорғаудағы жаңа мүмкіндіктер

Балалардың денсаулығы олардың толыққанды дамуының негізі әрі қоғамның болашағы. Облыста балаларға оториноларингологиялық көмек көрсету қызметі көп жылдан бері дамып келеді. Ана мен бала орталығында құлақ, тамақ және мұрын аурулары бар кішкентай пациенттерге консервативті және хирургиялық ем көрсетіледі. Бүгінде балаларға қандай медициналық мүмкіндіктер ұсынылған және бөлімшенің жұмысы қалай жетілдіріліп келеді – келесі сюжетте.

2020 жылы балаларға оториноларингологиялық көмек көрсету бөлімшесі Ана мен бала орталығының жаңа ғимаратына көшті. Содан бері кішкентай пациенттер заманауи жағдайда мамандандырылған медициналық көмек алып келеді. Мұнда балаларды емдеу және бақылау үшін барлық қажетті жағдай жасалған. 

Жанна Хамитова, Ана мен бала орталығы балалар оториноларингологиясы бөлімінің меңгерушісі:

Біздің бөлімше 40 төсекке арналған. Оның 35-і ЛОР, 5-еуі жақ-бет хирургиясы бағытындағы төсек. Бөлімшемізде жақ-бет патологиясы бар балаларға арналған төсектер де бар. Балалар тәулік бойы стационарда ем қабылдайды. Сонымен қатар күндізгі стационар төсектері де қарастырылған. Бүгінде бөлімшеде 4 дәрігер жұмыс істейді. Оның екеуі консультативтік емханада қызмет атқарады. Сондай-ақ бізде резидент-дәрігерлер бар, олар жұмыс істей отырып, резидентурадан өтуде. 

Аталған орталыққа өз өңірімізден бөлек, облысқа қарасты аудандар мен, көршілес Абай облысынан да қаралушылар келеді.

Жанна Хамитова, Ана мен бала орталығы балалар оториноларингологиясы бөлімінің меңгерушісі:

Мұнда 0-ден 18 жасқа дейінгі балаларға хирургиялық операциялар жасалады. Консервативті де, хирургиялық та ем жүргізіледі. Операциялардың барлық түрі жасалады: аденотомия, аденотонзиллотомия, созылмалы тонзиллит кезінде тонзиллэктомия, мұрын қалқасының қисаюы кезінде септопластика, мұрын қуысы қалқаншаларының гипертрофиясы кезінде вазотомия жасалады. Бізде алғашқы кохлеарлық имплантация операциясы 2019 жылы жасалды. Ол кезде профессор Милан Профанс арнайы келген болатын. Ал 2022 жылдан бастап бұл операция тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Бүгінде кохлеарлық имплантация бойынша 98 операция жасалды. 

Бөлімше мамандары біліктілігін тұрақты түрде арттырып, тағылымдамалардан және тәжірибелік оқытудан өтеді. Оның ішінде шетелде білім жетілдіру мүмкіндігі де бар. Бұл заманауи әдістермен танысып, шетелдік әріптестердің тәжірибесін меңгеруге мүмкіндік береді.

Еркебұлан Шаймұрат, Ана мен бала орталығының оториноларинголог-хирургі:

Көп жылдық тәжірибемде Германияда, Еуропа елдерінде, сондай-ақ Орталық Азия мемлекеттерінде бірнеше рет болдым. Ол жерде септопластика, риносептопластика операциялары жасалып, тәжірибе алмастық. Қазақстанда жасалып жатқан операциялар шетелде де жасалады деп айта аламын. Жалпы, біз олардан қалыспаймыз. Қазақстанда да медицина жақсы дамыған, мұндай операциялар бізде де жүргізіледі. Дегенмен халықаралық тәжірибе бізге үлкен пайдасын тигізеді. Жыл сайын тағылымдамадан өтіп тұрамыз. Бізге шетелден профессорлар келеді. Олар осында күрделі операциялар бойынша шеберлік сабақтарын өткізеді. Операцияларды көрсетіп, оның барысын түсіндіреді. Біз сол тәжірибеге сүйене отырып, білімімізді жетілдіріп, кәсіби біліктілігімізді арттырамыз. Бұл бізге үлкен тәжірибе береді. 

Ата-аналар үшін балалардың мамандандырылған медициналық көмекті облыс орталығында алуы маңызды. Бұл үшін басқа қалаларға барудың қажеті жоқ. Қажетті ем медициналық сақтандыру жүйесі, яғни МӘМС аясында жүргізіледі. Бұл отбасылар үшін медициналық көмектің қолжетімді болуына мүмкіндік береді.

Юлия Ильиных, ем алушының анасы:

Баламыздың есту қабілетінің нашарлағанын шамамен 2 жасында байқадық. Алғашында есту қабілетінің төмендеуі жеңіл деңгейде болды. Осы жерде, Ана мен бала орталығында, ақпан айында ота жасалып, құлағына шунттар қойылды. Себебі құлағында сұйықтық жиналып қалған екен. Одан кейін осында тексеруден өтіп, баламыздың төртінші дәрежелі есту қабілеті нашарлағаны анықталды. Сондықтан бір құлағына операция жасаттық. Келесі жылы екінші құлағына да операция жасатамыз деп үміттенемін. 

Құлақ, тамақ және мұрын аурулары баланың есту қабілетіне, тыныс алуына және өмір сүру сапасына әсер етуі мүмкін. Бүгінде облыс орталығында балалар ЛОР саласында диагностикалау мен консервативті емдеуден бастап, күрделі хирургиялық операцияларға дейінгі кең ауқымды медициналық көмек ала алады.

Нұрдәулет Қалибеков

Бөлісу