Өңірде республикалық «Тұрмыс» жедел алдын-алу шарасы аяқталды. Мақсаты - отбасылық-тұрмыстық қарым-қатынас саласындағы қылмыстардың алдын-алу. Тәртіп сақшылары қазіргі таңда аймақтағы жағдай тұрақты деп отыр. Дегенмен, жанұясында жанжал шығаруға бейім азаматтар азаймай тұр.
Жедел-профилактикалық шараны өткізуге учаскелік полция инспекторлары, әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының қызметкерлері, ювеналдық полиция өкілдері жұмылдырылды. Олар тұрмысы қолайсыз және «есепте тұрған» азаматтардың отбасыларына барды.
Полиция департаменті отбасылық-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқық бұзушылық мәселесі бойынша оңалту орталығымен тығыз қарым-қатынас орнатқан. Мұнда жеткізілген жәбірленушіге психологиялық, әлеуметтік көмек көрсетілді. Шара аясында 240-тан астам әйел аталған мекеменің көмегіне жүгінген. Ал 11 жәбірленуші уақытша тұруға арналған баспанаға орналастырылды.
«Тұрмыс» жедел алдын-алу шарасы аясында өңірдегі тәртіп сақшылары 770-тен астам заң бұзушылық дерегін анықтады. Үш мыңға жуық азамат тексерілді. 185 азамат арнайы есепке алынды. Соттың шешімімен отбасында зорлық-зомбылық жасауға тыйым салынған 81 заң бұзушыға қатысты «ерекше талаптар» қойылды. Алайда, бұл талапты орындамаған 37 азамат ҚР ӘҚБтК-нің 669-бабы бойынша жауапкершілікке тартылды.