Өскемен іргесіндегі Шешек асуы демалыс орнына айналады. Биыл жазда мұнда жаяу жүргіншілерге арналған аймақ абаттандырылмақ. Жоба қала әкімі Алмат Ақышовтың бастамасымен жүзеге асырылып, қала күніне дейін аяқтау жоспарлануда.

Шешек асуында 50 көлікке арналған автотұрақ салынады. Бұдан бөлек, демалушылар үшін арнайы орын мен балалар алаңы қарастырылған. Асудың ең биік нүктесінде көру алаңы бой көтереді. Ал ескі жолдың бойына орындықтар мен қоқыс жәшіктері орнатылады.

Бұдан соң, қала әкімі Алмат Ақышов Қазыбек би даңғылында орналасқан көпқабатты үйлердің біріне барып, тұрғындармен кездесті. Кездесуге жиналған жұрт ауланы абаттандырып, балаларға арналған жаңа ойын алаңын салу жөнінде ұсыныс айтты. Облыс орталығының әкімі көтерілген мәселе назарға алынатынын жеткізді.

Жол жөндеу жұмыстары да назардан тыс қалмады. Шаһар басшысы Рейш көшесін ретке келтіру барысымен арнайы танысты. Қазіргі таңда жол жөндеу жұмыстарының сапасына қойылатын талап күшейген.

Қала тұрғындарының жайлы өмір сүруі үшін жасалып жатқан жұмыстар кезең-кезеңімен іске асырылады.