Облыс орталығында Жеңістің 80 жылдығына орай «Көктем Жеңісі» атты көшпелі концерт ұйымдастырылды. Мерекелік автошеру қаладағы орталық көшелермен жүріп өтті. Шара барысында соғыс жылдарындағы әндер шырқалып, патриоттық қойылымдар сахналанды.
Әскери-патриоттық әндерді жиналған қауым ұйып тыңдады. Ал қойылымдар халыққа рух берді. Жиналған жұрт бір сәт соғыс жылдарына сапар шегіп, бейбітшіліктің оңай жолмен келмегенін сезгендей болды.
Қалалық жастар ресурстық орталығының директоры Бақытжан Ерболқызы мұндай шаралар жастардың бойына патриоттық тәрбиені сіңіріп, Отанға, жерге, елге деген сүйіспеншілігін арттыруға әсер ететіні сөзсіз, - дейді.
Арнайы безендірілген әскери техника мен сап түзеген бөлімдер, шығысқазақстандық майдангерлердің есімімен аталған көшелерде концерт қойды. Бұл көрініс қала тұрғындарына мерекелік көңіл күй сыйлады.
Мерекелік автошерудің бағыты - Самар тас жолы, Рейш көшесі, Қазыбек би, Есенберлин, Өтепов, Сәтпаев даңғылы арқылы жүріп, Ертіс көпірінен өтіп, Желтоқсан, Новаторов және Мызы көшелерін қамтыды. Шерудің соңғы кезеңі Сағадат Нұрмағамбетов, Қасым Қайсенов және Төлеген Тоқтаров көшелерінің қиылысында орналасқан Арбат алаңында аяқталды.