Өңірде пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекет меншігіне қайтару жұмысы қарқынды. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында аймақта соңғы үш жылда 300 мың гектардан астам жер қайтарылды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифингте салалық басқарма өкілдері мәлімдеді.
Өткен жылы «Жайылымдар туралы» ҚР Заңына және жер заңнамасына бірқатар маңызды өзгерістер енгізілді. Енді қоғамдық жайылымдар мал басының санына байланысты анықталатын болады, ал жайылымдардағы жүктеме кемінде 50%-ды құрауы тиіс. Жер ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында сауда-саттық пен конкурс жүйесі де жетілдірілуде. Өткен жылы облыс бойынша 40 аукцион өтіп, 117 жер учаскесі сатылған.
Аймақта 2023 жылдан бастап geоportal электрондық жүйесі іске қосылды. Ол арқылы әр жер телімі туралы ақпарат ашық көрсетіледі.
Жер қатынастары жүйесін жетілдіру жұмыстары мұнымен тоқтамайды. Жергілікті әкімдіктер халыққа жайылым жерлерін беру үшін жайылымдарды басқару жоспарын әзірлеуде, сондай-ақ жер учаскелерін электронды аукциондар мен конкурстар арқылы беру жүйесін жетілдіру жұмыстары жалғасуда.