Иордания астанасы Амманда жасөспірімдер арасында Азия чемпионаты аяқталды. Биыл дода алғаш рет World Boxing ұйымының бастамасымен өтіп, 18 елден келген жас спортшыларды біріктірді. Нәтижесінде шығысқазақстандық қос боксшы - Шыңғыс Ахметов пен Темірәли Темірбаев Азия чемпионы атанды.
15 пен 17 жас санаты бойынша өткен жарыста Қазақстан құрамасы 44 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 16 жас спортшы Азия чемпионы атағын иеленді. Жарыс қорытындысында Ұлттық құрама жалпы командалық есепте топ жарды.
Шыңғыс Ахметов 49 келі салмақта үш жекпе-жек өткізіп, Иран, Украина және Иордания спортшыларын айқын басымдылықпен жеңіп шықты. Ал оның командаласы Темірәли Темірбаев 52 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түсіп, финалда иорданиялық қарсыласын 5:0 есебімен ұтқан.
Азия чемпионатының финалдық кездесулері аясында Алтай қаласында LED экран орнатылып, қала тұрғындары жас спортшыларға қолдау көрсетті. Балалардың жеңісіне ата-аналары мен жерлестері ерекше қуанды.
Екі жас чемпион спорт шеберлігіне үміткер. Енді олар алда күтіп тұрған халықаралық додаларға дайындалады. Жас боксшылар болашақта биік белестерді бағындыруды және спорттық мансаптарын одан әрі дамытуға ниетті. Осылайша, Қазақстан құрамасы Азия чемпионатында табысты өнер көрсетіп, ел намысын абыроймен қорғады.