Жаз мезгілінде балалардың терезеден құлау фактілері жиілеп кетеді. Мамандардың айтуынша, мұндай оқиғалардың көбі үлкендердің салғырттығынан болады. Көбіне-көп баланың салмағына шыдас бермей терезеге орнатылған тор түсіп кетеді.Оқыс оқиғаның алдын алу мақсатында тәртіп сақшылары мен құтқарушылар түсіндірме жұмыстарын күшейткен.
Терезеге қауіпсіздік құрылғыларын орнататын мамандардың көмегіне жүгінетіндер аз екен. Тұрғындар қайғылы жағдайға тап болғаннан кейін, қолын мезгілінен кеш сермеп жатады, - дейді мамандар. Дегенмен, сақтансаң сақтайды деген қағидатты ұстанған қала тұрғындары да жоқ емес.Солардың бірі - Айнұр Жәкібаева. Ол пәтердегі терезесіне қорғаныш торын орнату үшін мамандарға тапсырыс беріп қойған. Себебі, бала қауіпсіздігін қамтамасыз ету - ата-ананың ортақ міндеті.
Оқыс оқиға тіркелсе, ол үшін ата-аналар заң алдында жауапты болады, - дейді тәртіп сақшылары. Қазір учаскелік полиция инспекторлары көпқабатты тұрғын үйлерді аралап, профилактикалық жұмыстар жүргізіп жатыр.
Дәрігерлердің айтуынша, терезеден құлаған балалар көбіне ауыр жарақатпен ауруханаға жеткізіледі. Бас сүйек-ми зақымы, аяқ-қол мен жамбас сүйектерінің сынуы — ең жиі кездесетін жарақаттар.
Отадан кейінгі оңалту шаралары әр науқаста әртүрлі өтеді. Сүйек сынықтарын емдеу жеңіл болғанымен, ішкі органдар зақымданса, оңалу ұзаққа созылады. Бұл – медицинада ең күрделі жарақат түрлерінің бірі. Осындай келеңсіз жағдайлардың алдын алу мақсатында Шығыс Қазақстан облысының құтқарушылары түсіндірме жұмыстарын күшейтті. «Қауіпсіз терезе – ата-ананың тыныштығы» акциясы аясында мамандар ата-аналарға терезеге арнайы бекіткіш орнатудың маңызын түсіндірді.
Құтқарушылар терезеге орнатылған тор баланы құлаудан қорғамайтынын ескертеді. Керісінше, ол жалған қауіпсіздік сезімін тудырып, қайғылы жағдайға әкеп соғуы мүмкін. Осыған ұқсас жағдайлар елімізде жиі кездеседі, сондықтан мамандар бала өміріне аса жауапкершілікпен қарауға шақырады.