Ұлттық мереке Республика күні елдің әр өңірінде кең көлемде тойлануда. Бұл тойдан шығысқазақстандықтар да қалыс қалмақ емес. Мерекеге орай аймақта ауқымды шаралар легін өткізу жоспарланған.

Облыс орталығында Ұлттық мерекеге орайластырылған шаралар қоғамдық демалыс орындарында, сауда орталықтарында өтеді. Атаулы күн ел бірлігін бекемдеп, ұлттық рух пен мәдени құндылықтарды дәріптеу, тәуелсіз Қазақстанның абыройын асқақтатуды көздейді.

Ләззат Жұмашева, Облыстық мәдениет басқармасының бөлім басшысы:

Maxi Mall сауда үйінде Байжігіт атындағы қазақ халық аспаптар оркестрі мен «Әлем сазы» вокалды-аспаптық ансамблінің концерті. Өнер музейінің «Бабалар рухы» атты көрмесі ашылып, облыстық драма және оперетта театрының «Рухы биік – Республика» концерт-спектаклі қойылады.

Ал «Алтай» көтерме-бөлшек сауда орталығында «Алтай» фольклорлық-этнографиялық ансамблі «Бабалар мекені - Алтай» атты концертін көпшілік назарына ұсынады. Арбатта екі көрме өтеді. Бірі – өңірдің табиғатына арналады. Екінші көрмеде өңірдегі мұражайлар қорында сақталған күмістен жасалған бұйымдар қойылады

Ирина Смит, Өскемен қаласы әкімінің орынбасары:

«Император» сауда үйінде облыстық кітапханалар «Мәңгілік ел – Мәңгілік Республика» атты танымдық-мәдени кеш өткізеді. Ал ерекше тарту – «Оқырман трамвай» атты шығармашылық акция болмақ. №3 бағытындағы трамвайда Республика күніне арналған әдеби оқулар мен поэтикалық кездесулер өтеді.

Осы күні облыс көлемінде дәрігерлік амбулаториялар, медициналық орталықтар, балалар және спорт алаңдары, балабақшалар сынды әлеуметтік нысандар ашылады.

Қымбат Иманғали