Өскеменде соңғы күндері қолайсыз метеорологиялық жағдай сақталуда. Осыған байланысты қала тұрғындары ауа сапасының күрт нашарлап кеткеніне шағымдануда. 20 қазаннан бері ауаны ластаушы заттардың мөлшері артқан. Мамандардың айтуынша, мұндай құбылыстың жиі қайталануына үш фактор себеп болып отыр. Бұл мәселе өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте айтылды.

Экологиялық мониторинг нәтижесі бойынша, негізгі көрсеткіштер бойынша шекті рұқсат етілген нормадан асу тіркелмеген. Бірақ, ауада күкірт сутегінің ұлғаюы байқалды, дейді мамандар. Бұдан бөлек, Облыстық білім басқармасының басшысы Қуат Оқасов қолайсыз ауа райы жағдайында оқушылардың қауіпсіздігі үшін мектептерді қашықтықтан оқыту форматына көшіру алгоритмі әзірленгенін айтты.

Әсет Сүлейменов, Облыстық Экология Департаменті басшысының м.а:

Ауа сапасын тексеру бойынша жұмыстар жүргіздік. Бұл жұмыстардың нәтижесінде күкірт диоксиді мен күкірт сутегінің құрамының ұлғаюы көрсетілді, анықталды. Осы сынамалар негізінде ірі кәіспорындараға барып тағы да тексердік. Онда белгіленген талаптардан ауытқулар табылмады.

Өскемен - таулы аймақта орналасқан қала. Желдің болмауы мен температураның күрт ауытқуы ластаушы заттардың таралуына кедергі келтіреді. Мұндай жағдай жылына 80-100 күнге дейін созылады. Қала әкімі Алмат Ақышовтың айтуынша, жағдай жергілікті биліктің тұрақты бақылауында. Облыс орталығындағы кәсіпорындармен өзара байланыс орнатылып, қолайсыз метеорологиялық жағдай кезінде шығарындыларды азайту шаралары қабылдануда. Сондай-ақ ол қаладағы автокөліктер санының артқанына және жылыту маусымы басталғандықтан жеке секторларда көмір жағудан ауаға түсетін жүктеменің көбейгенін тілге тиек етті.

Алмат Ақышов, Өскемен қаласының әкімі:

Біз қазір мына смок дейміз ғой соны көріп жүрміз. Ол мына 132 мың көлік бар, жер үйлер бар. Әрине, кәсіпорындарды ешкім қорғап тұрған жоқ. Олардың жұмысы қалай жүрді солай жүріп жатыр. Түтіннің себебі 3 фактор бар. Ол зауыттар, көліктер және көмірді жағу. Жазда қатты мұндай болған жоқ білесіздер. Қалай жылыту маусымы басталды осындай жағдайға тап болдық.

Брифинг соңында спикерлер журналистердің сұрақтарына жауап беріп, мемлекеттік органдар, өнеркәсіптік кәсіпорындар және қоғам өкілдері арасындағы өзара іс-қимыл қаланың экологиялық ахуалын жақсартуға және тұрғындар денсаулығын қорғауға бағытталатынын атап өтті.

Фатима Тілейханқызы