Республика күні қарсаңында ел дамуына үлес қосқан азаматтар марапатталды. Салтанатты жиында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов ҚР Президенті атынан мемлекеттік наградаларды табыстады. Марапат иелері қатарында мемлекеттік қызметкерлер, кәсіпкерлер, білім, мәдениет және спорт саласының өкілдері бар.
Аймақ басшысы өз құттықтау сөзінде Республика күнінің маңызын атап өтіп, өңірдің әр тұрғынының еңбегі ел дамуына қосылған үлес екенін айтты.
Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
Бұл – бабалар арманының орындалуы. Егемендік жылнамасының бастауы! «Ұрпағыма тисін!» - деп, жанын берген арыстар аманаты! Біз үшін, атадан мұра болған азаттықтан асқан бақыт та, байлық та жоқ!Бейбіт күннің қадірін білу – «боламын» деген елдің ғана қолынан келеді...«бетеге кетсе - бел қалар,бектер кетсе - ел қалар, берекең кетсе, нең қалар?!» - деген, ел даналығы, санамызға «сәуле» болуы тиіс! Сонда ғана, ұлтымыздың, орнымыз жоғарыдан, төрден бола бермек.
Мемлекеттік награда алғандар ел дамуына сүбелі үлес қосқан азаматтар. Жиында өңірдегі ірі өндіріс орындарында ұзақ жыл табанды еңбек еткен жұмысшылар, ауыл шаруашылығы мен әлеуметтік сала өкілдері де марапатталды.
Айтқазы Шерубаев, «Ардагерлер ұйымы» РҚБ ШҚОФ төрағасы:
Республика күні біздің халқымыз үшін ерекше күн. Тарихи маңызды күн. Ертеңге сеніммен қарайтын күн. Үлкен мерекемізде еліміз аман аспанымыз ашық болсын! 35 жылдың ішінде қаншама жаңалықты көзбен көріп келеміз. Әлі де алда талай өсетін белестер бар. Сол белесті асатын жастар, бүгінгі марапатталған азаматтарымыз бар, қызмет жасап жатқан, мемлекеттік қызметкерлеріміз бар. Біз оған сенеміз, ардагерлер білеміз, әлі де талай белден асатынымызды.
Светлана Большакова, Облыстық қаржы басқармасының басшысы:
Маған осындай үлкен марапат ұсынып жатқандарыңызға рахмет. Алғысым шексіз! Мемлекеттік қызметте 20 жылдан астам еңбек етіп келемін. Әлі де аймағымыздың дамуына өз үлесімді қосамын.
Салтанатты жиында марапат иелеріне ерекше құрмет көрсетілді. Ұлттық мереке ел бірлігін нығайта түсті.
Қымбат Иманғали