Облыс орталығында «Капитан Байтасов» көркем фильмінің премьерасы өтті. Бұл Қызмет барысында қаза тапқан полицей, Халық қаһарманы Ғазиз Байтасов жайлы фильм. Тың туындыны Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірген. Фильмнің режиссері – Дәурен Қамшыбаев.
«Капитан Байтасов» фильмінің премьерасына орай Шығыс Қазақстан облыстық полиция департаменті қызметтік техника мен қару-жарақ көрмесін ұйымдастырды. Келушілер назарына полиция қызметкерлерінің күнделікті қызметте қолданатын техникасы мен арнайы жабдықтары ұсынылды.
Қарлығаш Жүсіпова, ШҚО ПД ЖҚЖБ ИЖБ бастығы:
Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментімен «Капитан Байтасов» премьерасының алдында көрермендерге спецтехника, қару-жарақ және фотокөрме ұйымдастырылды. Бүгінгі қызметкерлердің жұмысын және арнайы жасақтармен танысуға болады.
Драма жанрындағы фильм оқиғасы 2011 жылы Тараз қаласында болған қайғылы жағдайға арналған. Капитан Байтасов өз өмірін қатерге тігіп, террористі тоқтатып, бейбіт адамдардың өмірін сақтап қалған еді.
Серік Манапов, ШҚО ПД бастығының орынбасары:
«Капитан Байтасов» фильмінің премьерасы – ерлік пен батырлыққа тағзым. Ол бір сәт те ойланбастан, өз өмірін қатерге тігіп, қазақстандықтарды қорғады. Бұл фильм тек Ғазиз Байтасовқа ғана емес, сондай-ақ азаматтардың құқығы мен қауіпсіздігін қорғау жолында өмірін қиған барлық полицейлерге деген құрметтің белгісі.
Ғазиз Байтасовтың ерлігі – көпке үлгі. Оның ерлігі мен есімі жас ұрпақтың жадында мәңгі сақталады.
Талант Тұрсынов, Ирина Санникова