Республика күні қарсаңында өңірдегі еңбек адамдары марапатталды. Шығыс Қазақстан облыстық драма және оперетта театрында өткен салтанатты жиында Өскемен әкімі Алмат Ақышов әр салада еңбек етіп жүрген үздік мамандарға алғыс хат пен төсбелгілер табыстады.
Республика күніне арналған жиынға түрлі салада еңбек етіп жүрген жандар қатысты. Өскмен әкімі Алмат Ақышов жиналғандарды мерекемен құттықтап, бұл күннің еліміз үшін тарихи және рухани маңызын атап өтті.
Алмат Ақышов, Өскемен қаласының әкімі:
Республика күні тек мереке емес, өткенді ой елегінен өткізіп, болашаққа бағдар жасайтын жауапты күн. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, қаланың гүлденіп, болашағы жарқын болуы үшін аянбай қызмет атқарып жүрген жерлестерімізге алғысымды білдіргім келеді. Бізге жөн сілтеп, ақылын айтып жүрген аға буын өкілдерін, қауіпсіздік пен заң үстемдігі жолындағы Құқық қорғау органдарының өкілдерін, депутат корпусын, әлеуметтік салада халыққа қызмет көрсетіп жүрген жерлестерімізді, барша Өскемендік қауымды Республика күнімен құттықтаймын!
Қала басшысы өңірдің экономикасы, мәдениеті мен әлеуметтік саласының дамуына үлес қосқан азаматтарды ерекше атап өтті. Солардың бірі — ақ халатты абзал жан Құралай Боқаева.
Құралай Боқаева, Глубокое ауданының Өмірлік қиын жағдайда қалған адамдарды қайта әлеуметтендіруге арналған орталықтың дәрігері:
Бізді елеп-ескеріп, марапаттап жатқандарына алғысым шексіз. Негізі дәрігер болып істеп жүргеніме 10 жыл болды. Қосымша осы орталықта көмек ретінде жүрмін. Жұмыс жеңіл деп айта алмаймын. Жұмыс өте ауыр. Өмірден көп қиыншылық көрген адамдарға қайтадан аяққа нық тұруға, денсаулықтарын нығайтуға үлкен үлес қосып жатырмыз деп есептеймін.
Ал, қаланың тазалығы мен гүлденуі жолында еңбек етіп жүрген жандардың бірі – Мира Исинева-Журавлева. Ол «Өскемен қаласының дамуына айрықша үлес қосқаны үшін» төсбелгісімен марапатталды.
Мира Исинева-Журавлева, Өскемен қ. әкімдігінің «Таза Өскемен» ШЖҚ КМК автомобиль жол учаскесінің аға шебері:
Мен бұл салада аға шебер болып қызмет атқарып жүргеніме 7 жыл болды. Осы қаланың көркеюі үшін, тазалағын қаматамасыз етіп келеміз. Еңбегімізді бағалап, елеп-ескеріп жатқан қала әкіміне алғысым шексіз.
Сондай-ақ марапат иелері арасында мемлекеттік қызметкерлер, кітапханашылар да бар.
Арайлым Сүлейменова, О.Бөкей атындағы қалалық кітапхананың қызметкері:
Әкімнің қолынан осындай алғыс хат алу мен үшін үлкен құрмет. Жұмысымдағы директор да біздің жұмысты бағалап, құрмет көрсеткені үшін алғысым шексіз. Бірінші рет осындай алғыс хатқа ие болып отырмын. Мен өзім ағылшын тілінен курс өткіземін... қызмет көрсетеміз.
Шара соңында жергілікті өнерпаздардың қатысуымен мерекелік концерт ұйымдастырылды. Республика күні қарсаңында ел еңсесін көтеріп жүрген жандардың еңбегі еленіп, көңілдеріне қуаныш ұялады.
Фатима Тілейханқызы