Өскеменде жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру және құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында «Заң мен тәртіп» атты диалог алаңы өтті. Кездесуді облыстық жастар ресурстық орталығы ұйымдастырды. Шараға Шығыс Қазақстан облысы прокуратурасының және құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты.
Заң мен тәртіп – ел тұрақтылығының кепілі. Осы қағидатты басшылыққа алған азаматтар жастардың жауапкершілігін арттыру мен заңға құрмет сезімін қалыптастыруды көздеді. Кездесу барысында студенттерге құқықтық мәдениеттің маңызы түсіндірілді.
Шәкәрім Құдайбергенов, Облыстық жастар ресурстық орталығының бөлім басшысы:
Заң мен тәртіп аясында өткізіліп жатқан кездесулер облысымыздың барлық аудан, қалаларында өткізіліп жатқан кездесулер. Соның ішінде бізде Өскемен қаласындағы барлық ЖОО, техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінің барлығында өткізілуде. Бұл жұмыстар ары қарай жалғаса беретін болады. Заң мен тәртіп аясындағы кездесулердің мақсаты жастар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу. Жастардың өздері жасаған істеріне қандай жауапкершілік күтіп тұрғанын түсіндіру және де салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында.
Кездесуде облыстағы есірткімен күрес және қылмыстық жауапкершілік мәселелері де сөз болды. Прокуратура өкілдері жастарға есірткі тасымалы мен оны қолданудың жазасы туралы нақты деректер келтіріп, құқықтық жауапкершіліктің деңгейін түсіндірді.
Қайырбек Хайдаров, ШҚО Прокуратурасының аға прокуроры:
Бүгін студенттермен кездестік. Кездесуде жастар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелері талқыланды. Нашақорлыққа қарсы қабылданған шаралар туралы баяндадық. Студенттерге қылмыстық жауапкершілік туралы ескертілді.
Студенттер кездесуді аса қызығушылықпен тыңдап, өздерін толғандырған сұрақтарына жауап алды. Жастарға есірткінің зияны мен одан қорғану жолдары жайлы тың ақпараттар ұсынылды.
Ернұр Марксов, студент:
Кездесуде мен көп нәрсе білдім нашақорлық жайлы. Нашақорлық дегеніміз ең алдымен есірткінің адам ағзасына тигізетін зияны. Оны бір бастасаң тоқтата алмайсың. Жиында полиция қызметкерлеріне өзімізге қажетті сұрақтарды қойып қажетті мағлұмат алдық деп ойлаймын. Көбінесе әлеуметтік желілерде жастарды оңай табысқа жеткізу мақсатында тартып алады. Жұмысы қиын емес бірақ жалақысы жоғары дегендей. Оған жастар алданып жаман жолға түсіп алады. Осындан қорғану үшін ең алдымен түрлі саяси мағлұматтар беру керек деп ойлаймын. Осы секілді студенттерге маңызды ақпараттар айтып, қалай қорғануға болатынын.
Милана Кениг, студент:
Барлық студенттер атынан құқық қорғау органдары өкілдеріне алғыс айтамын. Бұл кездесу студенттердің заң туралы түсінігін арттырды. Барлық ақпарат нақты әрі түсінікті жеткізілді. Қоғамда мұндай мәлімет аз беріледі, ал бүгін біз есірткі қолдану мен таратудың салдары және оған қатысты жаза қолданылатыны туралы толық ақпарат алдық.
Шара соңында студенттерге есірткі заттарының адам ағзасына тигізетін зияны мен оның зардабы туралы бейнеролик көрсетілді. Ұйымдастырушылар мұндай кездесулер жастар арасында құқықтық сауаттылық пен жауапкершілікті арттыруға бағытталғанын атап өтті.
Нұртас Қайролдаев