Бүгін Өскеменде ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналған «Тең мүмкіндіктер» атты инклюзивті спорт фестивалі өтті. Фестиваль «AMANAT» партиясының «Кедергісіз келешек» жобасы аясында ұйымдастырылды. Шараның мақсаты – балаларды қоғамға бейімдеу және олардың бойындағы ерік-жігер мен сенімді арттыру.
Шараға облыстың түкпір-түкпірінен жетпіске жуық жасөспірім жиналды. Тартысқа толы додада 23 команда бақ сынады. 8 бен 17 жас аралығындағы балалар түрлі спорттық эстафеталарда өзара кім мықтыны анықтады. Жарыстың ашылу салтанатына «AMANAT» партиясы ШҚОФ өкілдері, облыстық дене шынықтыру және спорт, білім басқармаларының басшылары қатысты.
Аманбай Нұркенов, «AMANAT» Партиясы ШҚОФ төрағасының орынбасары:
Ең бастысы біз балалардың денсаулығына, дамуына партия тарапынан көңіл бөліп отырмыз, Жастардың осылай спортпен шұғылданып, жан-жақты дамуы мемлекетіміздің болашағына үлкен серпін береді. Үйткені мемлекетіміздің болашағы әр уақытта балалар.
Шараға Катонқарағай, Күршім, Зайсан аудандарынан, Риддер қаласынан командалар келген. «Ертіс», «Спарта», «Адал», «Сұңқар», «Тұлпар» сынды құрамалар бір алаңда бас қосты.
Рената Турдиева, «AMANAT» Партиясы ШҚОФ саяси жұмыстар бөлімінің жетекшісі:
«Amanat» партиясының бастамасымен екінші жыл қатарынан «Тең мүмкіндіктер» атты инклюзивті спорт фестивалі өткізіліп келеді. Шара партияның әйелдер қанаты мен мемлекеттік мекемелердің қолдауымен ұйымдастырылып отыр. Балалар бочча, жеңіл атлетика, эстафета сынды спорт түрлері бойынша өнер көрсетті. Олар кіші және ересек топтарға бөлінген.
Сайысқа қатысушылар эстафетада жылдамдық пен дәлдіктен соң, бочча ойынында өзара кім мықтыны анықтады. Ал жеңіл атлетикадан 50, 75 және 200 метрге жүгірген өрендерге жанкүйерлер ерекше ықыласпен қолдау білдірді. Бұл сайыс – «Кедергісіз келешек» ұранын іс жүзінде дәлелдеген сәт болды.
Айша Бақытбекқызы, сайысқа қатысушы:
Бүгін бірінші рет эстафетаға қатысып отырмын. Мен волейболға 10 жасымнан бастап барамын. Маған волейбол қатты ұнайды. Өскенде күшті волейболист болғым келеді.
Жеңімпаздар тек медаль не кубок үшін емес, болашақтағы үлкен спорт жолына алғашқы қадам ретінде мәре сызығын кесті. Көпшілігі – ертеңгі күні ел намысын қорғайтын чемпиондар болуды арман еткен.
Нұртас Қайролдаев