С.Аманжолов атындағы ШҚУ-де жаңа мамандықтардың атласы бойынша «Мамандығым - болашағым» атты форум өтті. Жиын аясында білім беру ұйымдарының мамандары мен жұмыс берушілер арасында форсайт-сессиялар ұйымдастырылды. Бұл конференция арқылы студенттер өздерінің кәсіби бағытын нақтылап, еңбек нарығындағы жаңа тенденциялармен танысатын болады.
Жиынға облыс әкімдігі, жоғары оқу орындары мен ірі кәсіпорын өкілдері қатысты. Форум барысында экономиканың сұранысына сай жаңа мамандықтар мен кәсіби дағдыларды дамыту тетіктері ұсынылды. Форсайт-сессияның мақсаты – жастарға болашақта сұранысқа ие мамандықтарды айқындауға мүмкіндік беру.
Олжас Сәкенов, «Мамандығым-болашағым» кеңесінің басшысы:
Бұл форсай- сессияларда 5 сала бойынша негізгі сарапшылар қатысады. Олар осы 3-4 күнде салалардағы қандай инвестициялық шаралар, қандай технологиялар өзгеретінін анықтайды. Сол арқылы жас кәсіби мамандарға жұмысындағы еңбек нарығында қандай өзгерістер болатынын болжау. Сол арқылы біз ШҚО бойынша өңірлік карталарды құрастырамыз.
Облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиевтің айтуынша, мұндай шара аймақта кадр саясатын қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Форум нәтижесінде облыстың еңбек нарығын дамытуға бағытталған нақты ұсыныстар мен шаралар жоспары жасақталмақ.
Ербол Нұрғалиев, ШҚО әкімінің орынбасары:
Президент айтқандай экономикалық өсім тікелей ғылымға, кадрларға байланысты. Сондықтан, нарыққа кадр дайындайтын ЖОО университеттері. Бүгінгі шара еңбек нарығын қазіргі талаптарға сәйкес білікті кадр даярлау ісін қабылдауға мүмкіндік береді және бұл маңызды диалог алаңы. Бұл жиында білім беру ұйымдары мен жұмыс берушілер арасындағы өзара іс-қимылды күшейту, кадрлық жоспарлаудың сапасын арттыру, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын оң ықпалы деп білеміз.
Сондай-ақ, жиынға онлайн форматта ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек қатысты. Ол кадр даярлау жүйесін замануи экономиканың сұранысына бейімдеу керек екенін атап өтті. Форум – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Білімді ұлт – табысты ел» қағидасымен үндес. Жаңа мамандықтар атласын әзірлеу еліміздегі кәсіби білім беру жүйесін жаңғыртуға және заманауи технологияларға бейімдеуге бағытталған.
Мұхтар Төлеген, С.Аманжолов атындағы ШҚУ ректоры:
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев үлкен тапсырмалар берді кеше ғана өзінің жолдауында. Соған сәйкес біз жаңа мамандықтардың атласын, айталық инклюзия саласы бойынша, АЭС ті тұрғызу бойынша, ЖИ бойынша жаңа мамандықтар пайда болайын деп отыр. Соған сәйкес біз 3 күн бойынша мастер-класстер өткізетін боламыз. Біз өңірдің әртүрлі кәсіпорындарымен жұмыс жасаудамыз. Бұл «Казцинк», «Титан-магний» комбинаты, «Үлбі» металлургиялық зауыты, «Ұлттық ядролық орталық» Курчатовтағы. Осындай ірі кәсіпорындармен қандай жаңа мамандықтар сұранысқа ие қоғамда? Сол мәселені анықтайтын боламыз.
Жиынға қатысушылардың пікірінше, өңірдің тұрақты дамуы кадрлық әлеуетке және технологиялық жаңашылдықтарға тікелей байланысты. Сондықтан, мұндай форумдар жаңа идеялар мен нақты бастамалар алаңына айналуы тиіс.
Фатима Тілейханқызы