Өскеменде төтенше жағдайлар министрлігінің 30 жылдығына орай автошеру ұйымдастырылды. Облыс орталығының басты көшелерімен өткен тарихи және заманауи өрт сөндіру, құтқару техникаларының шеруі тұрғындарға қызметтің өткені мен бүгініне көз жүгіртуге мүмкіндік берді.

Қала тұрғындары алдымен ат арбалы өрт сөндіру техникасын тамашалады. Тарихқа үңілсек өрт сөндірушілердің негізгі көлігі болған бұл арба су мен құрал-жабдықтарды апат орнына жеткізудің жалғыз тәсілі болған. Шеруді бастаған ат жегілген көлік – құтқару қызметінің түп-тамырына тағзым іспетті.

Рашид Блялов, ШҚО ТЖД бастығы:

Төтенше жағдайлар қызметінің 30 жылдық мерекесіне орай автошеру ұйымдастыруды жөн көрдік. Мақсат – бөлімшелеріміздің, құтқару техникаларымыздың мүмкіндіктерін халыққа көрсету. Бұл шеру Өскемен қаласының көшелерімен жүріп өтті. Біз 19-шы ғасырдан бастап бүгінгі күнге дейінгі техниканың дамуын көрсеттік. Бұл – министрлігіміздің қандай қызмет атқаратынын, қазіргі таңда бөлімшелеріміз бен жеке құрамның қандай міндеттерді орындайтынын жұртшылыққа таныстыру. Бүгінде кез келген тапсырманы орындау үшін заманауи техника мен кәсіби даярлықтың аса қажетті екенін жеткізгіміз келеді.

Шеруде ЗИЛ-130 базасындағы атақты АЦ-40 автоцистернасы, ЗИЛ-131 автосатылары мен өрт-сорғы станциялары көрсетілді. Бұл техникалар бүгінгі жас буынға қызметтің тарихын еске салады.

Рашид Блялов, ШҚО ТЖД бастығы:

Соңғы екі жылда департаменттің техникалық базасы айтарлықтай жаңарды. Тек өрт сөндіру машиналары ғана емес, арнайы құтқару техникалары, шағын және ірі жүзу құралдары, жоғары өтімді «Шерп» сынды көліктер алынды. Бұл – облысымыздың географиялық ерекшелігі мен туристік аймақ екенін ескерсек аса маңызды. Себебі түрлі төтенше жағдайларда халыққа дер кезінде көмек көрсету үшін дәл осындай техника қажет.

Шеру соңында тұрғындар назарына «Трэкол» және «Toyota Hilux» маркалы заманауи құтқару техникалары ұсынылды. Спутниктік және радиобайланыспен жабдықталған бұл көліктер төтенше қызметтің бүгінгі қуатын айқын көрсетеді. Бұдан бөлек, Шемонаиха ауданында ТЖМ-нің 30 жылдығына арналған спорттық сайыстар өтті. Бұл додаға төтенше жағдайлар қызметі мен құқық қорғау құрылымдарының қызметкерлері қатысты.

Нұртас Қайролдаев