19 қазан - елімізде Құтқарушылар күнін аталып өтеді. Бұл өрт сөндірушілер, азаматтық қорғаныс және суда құтқару қызметі мамандарының кәсіби мерекесі. Адам өміріне төнетін түрлі қауіптермен еш үрейсіз бетпе-бет келіп, өз бастарының емес, айналасының амандығына кепіл болып жүрген маман иелерінің еңбегі көпке үлгі. Солардың бірі - Болат Нұрдыбаев. Оның бұл салада еңбек етіп жүргеніне 30 жыл. Осы жылдар аралығында Болат Нұрдыбаев төтенше жағдайға тап болған талай азаматқа көмек қолын созды.
Болат Нұрдыбаев 30 жылдан бері өзіне жүктелген міндетті мүлтіксіз орындап келеді. Ол бұл салада тек мамандығын шексіз жақсы көретін және өз таңдауына адал қызметкерлер ғана жұмыс істей алатынын айтады. Төтенше жағдайлар саласы үлкен жауапкершілікті талап етеді. Қауіпті қызмет кез келген тосын жағдайдың алдын алып, зардабын жоюға үлкен күш жұмсайды. Апатқа ұшырағандарды құтқарып, алғашқы жәрдем көрсетеді.
Болат Нұрдыбаев, ШҚО ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары басқармасының бастығы:
Өрт сөндіруші тек өртті сөндіріп қана қоймайды. Ол зардап шеккендерге алғашқы медициналық , психологиялық көмек те көрсетеді.Себебі, әр азаматтық психологиясы әр түрлі.Мысалы, бүгін таңертең бір қарияны құтқардық, ал түсте өрт сөндірдік. Сіз ойлап көріңізші, құтқарушы қандай психологиялық тосқауылды жеңуі керек?! Ал оның да өз отбасылық мәселелері бар. Үш күннен кейін қайтадан жұмысқа шығады. Сондықтан, бөлім бастығының міндеті – өрт сөндірушіні мұндай жағдайларға моральдық, психологиялық тұрғыда дайындау маңызды.
Болат Нұрдыбаев 8-сыныпты аяқтаған соң, Бауыржан Момышұлы атындағы республикалық әскери мектепке түседі. Қатаң тәртіп, әскери дайындық және тез шешім қабылдай білу – оның мінезінің негізіне айналды. Алматыдағы өрт-техникалық училищенің жанынан күнде өтіп жүріп, болашақта өмірі осы мамандықпен тығыз байланысатынын ойламаған. Дегенмен, ол қарапайым өрт сөндірушіден тәжірибелі басшыға дейінгі жолды жүріп өтті.
Болат Нұрдыбаев, ШҚО ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары басқармасының бастығы:
Қызмет барысында түрлі жағдаймен бетпе-бет келесің. Есте қалған оқиғаның бірі – өндіріс орнындағы төтенше жағдай. Цехтің іші көк түтінге оранды, ол жердегі температура да жоғарылап кетті.Санамызды түрлі ой мазалады. Себебі, қабырға құлап кетуі мүмкін,металл құймалары төгілуі ықтимал еді. Дегенмен, ішкі қорқынышқа ерік бермей, өртті сөндірдік. Біз міне, осындай тәжірибе арқылы шыңдалдық.
Болат Нұрдыбаев - өзгенің өміріне араша түсу үшін өз жанын шүберекке түйген жан. Қызметтегі әр құтқарушының артында отбасы бар. Балалары мен шағын мемлекеттің түтінін түтетіп отырған әрбір келіншек азаматының өмірі үшін алаңдайды. Иә, қауіп-қатерге толы жұмысын адал, зор жауапкершілікпен атқарып жүрген құтқарушылардың еңбегі талайға үлгі. Сондықтан бүгінгінің батырына айналған еңбек адамдарының мерейі лайым үстем болуға тиіс.
Қымбат Иманғали, Салтанат Кеңесбекқызы