Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде танымал спорт журналисі, Қазақстан Журналистер және Жазушылар Одағының мүшесі Оңдасын Елубайдың 75 жылдық мерейтойына арналған кездесу өтті. Жиынға өңір қаламгерлері мен жас спортшылар, ұстаздар мен студенттер қатысты. Қаламгердің өмір жолы мен шығармашылық мұрасы кеңінен таныстырылып, жастарға өнеге болар тағылымды әңгімелер айтылды.
Оңдасын Елубайдың қаламынан туған әр жолда терең ой, адал еңбек пен ұлттық рухтың өрнегі бар. Ұзақ жылдар бойы спорт тақырыбында тер төгіп, қазақ спортршыларының жеңіс жолын елге танытқан қаламгер бүгінде өз оқырманына 24 кітап сыйлаған. Оның туындылары тек спорт тарихы емес, ерік-жігер мен рух биігін айшықтайтын өмір сабағы.
Оңдасын Елубай, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі:
«Ғұмыр дастан» деген енді 70 жылдығына өзімнің дайындаған сыйым ғой. Бұнда өзім қалай келдім журналистикаға. Одан кейін достарым туралы. Осы облысқа еңбегі сіңген азаматтар туралы жазылған мұнда, суреттер де бар. Ал енді мына «Көзден кетсе де» деген енді бұрын тірі адамдарды жазып жүрдік. Қайтыс болған адамдар көзден кетіп қалғаннан кейін, көңілден де кетіп қалады. Содан таңдап-таңдап қырық шақты адамды енгіздім. Енді алда, болашақта тағы көреміз енді. Сол фото-альбом кітап дайындап жатырмын.
Мерейтой аясында жазушы университетке өз еңбектері – «Ғұмыр дастан» және «Көзден кетсе де...» атты кітаптарын сыйға тартты. «Ғұмыр дастан» - автордың өмір жолын, журналистика әлеміне келген сәтін, еңбегімен ел құрметіне бөленген тұлғаларды еске алған туынды. Ал «Көзден кетсе де...» - өмірден өткен азаматтардың өнегесін өшірмей, ұрпақ жадында қалдыруға арналған еңбек. Кездесу барысында қаламгер осы шығармасын таныстырып, туындының жазылу барысы мен кейіпкерлері туралы әңгімеледі. Одан бөлек, жазушы еңбегі еленіп, облыс әкімінің алғыс хатын табыстаумен қатар, қазақы дәстүр бойынша шапан жауып, құрмет көрсетілді. Жиын соңында өнерлі студенттер күй шертіп, қаламгерге арнау айтты.
Уәлихан Тоқпатаев, Қазақстанның Құрметті журналисі:
Енді Оңдасын Елубайұлы нағыз спорт журналисті. Кезіндегі Сейдахмет Бердіқұловтың «Спорт деген – бір сиқыр» деген тәмсілі бар, сөзі бар. Кезінде осы тақырыпта үлкен дүние жазған Оңдасын ағамыз осы сиқырға арбалған нағыз қазақ журналисттерінің бірі. Енді ол өте жедеғабыл жазады. Шығармашылық, спорт тақырыбын ереңкше меңгерген. Спорт тақырыбының өзіне 24 кітап жазу деген ерекше құрметпен айтатын дүние.
Оңдасын Елубайдың өмір жолы мен шығармашылығы – қазақ журналистикасының биік белесі, ал еңбектері – болашақ журналистер мен спортсүйер қауымға бағдар болар қазына.
Талант Тұрсынов