Ұлан ауданы, Қасым Қайсенов кентінде әдебиет пен руханиятты ұлықтаған шара өтті. Жарты ғасырға жуық өмірін білім саласына арнаған ұлағатты ұстаз Сәуле Әжібекқызы «Тау тұлға» кітабының тұсауын кесті. Шығармада автор өз әулетінің тарихын, ата-анасына деген құрмет пен отбасы құндылығын көркем тілмен өрнектейді.

Тың туындының авторы Сәуле Әжібекқызының балалық шағы соғыстан кейінгі қиын жылдармен тұспа-тұс келген. Әкесі Әжібек Шегеров –соғыс ардагері. Анасы Күлсара Халелқызы – өмірдің ауыртпалығына мойымай, ұрпағына өнеге болған жан. Отбасындағы құндылықтарды бойына сіңірген жазушы, 44 жыл ұстаздық етіп, талай шәкірт тәрбиелеген. Бүгінде төрт баладан тараған немерелердің қызығын көріп отырған ардақты әже. «Тау тұлға» кітабы арқылы автор ұлттық құндылықты жаңғыртып, өмірдің мәнін отбасыдан іздеуге шақырады.

Сәуле Әжібекқызы, «Тау тұлға» кітабының авторы:

Бұл кітапта жазылған негізгі идея отбасылық, әке мен шешеге деген құрметім. Біздің отбасындағы балалардың өзара құндылықтары, бауырмалдығы мына үлкен апайымыз Үміт басқаларына қамқор болатын. Ол кісі не дайындаса біз соны киетінбіз.

Шара барысында қатысушылар кітаптың мазмұны мен көркемдік ерекшелігіне жоғары баға берді. Бұл тек бір әулеттің ғана емес, бүкіл қазақ отбасыларының рухани бейнесін көрсететін көркем туынды, дейді Әлия Әбдірахманова.

Әлия Әбдірахманова, ардагер ұстаз:

Ақын жазушылар қолданатын психологиялық паралеллизм әдісі өте жақсы қолданылған. Жастарға оқы дер едім. Олар төңірегімен есепсіз араласуды, өмірді шексіз сүюді, ата ананың қадірін түсінуді білер еді.

Тұсаукесерде жергілікті оқырмандар мен ұстаздар, мәдениет қызметкерлері мен жастар бас қосты. Әдеби жиын – ұрпақтар сабақтастығын ұлықтаған тағылымды кеш болды.

Қымбат Иманғали