Шемонаиха ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары өңірдің қарқынды өсімін айқындап отыр. Өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, инвестиция және халықты жұмыспен қамту сынды негізгі бағыттарда тұрақты өсім байқалады. Бұл жөнінде аудан әкімі Дидар Кеңесбаев Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлімдеді.
Өткен жылы аудан кәсіпорындары 133 млрд. теңгеден астам өнім өндіріп, өсім 114 пайызды құрады. Өңдеу өнеркәсібінің үлесі 24% дейін артқан. Ауданда шағын және орта кәсіп иелеріне микрокредит беру және кәсіпкерлерді оқыту бағдарламалары арқылы белсенді түрде қолдау жүзеге асырылды. 2 200-ден астам шағын және орта бизнес нысаны жұмыс істеп, 6 700-ге жуық тұрғынды жұмыспен қамтып отыр. Ауыз толтырып айтар жаңалықтың бірі жуырда өткен «Алтай инвест 2025» форумының нәтижесінде инвестиция көлемі айтарлықтай артқан. Экономикаға салынған қаржының басым бөлігі өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығына бағытталған.
Дидар Кеңесбаев, Шемонаиха ауданының әкімі:
Осы жұмада KAZMinerals компаниясымен екі әлеуметтік нысанның құрылысын бастаймыз. Облыс әкімінің қолдауымен 1 жұқпалы ауруларға арналған аурухана және де амбулатория. Шемонаиха қаласында. Сүт өңдеу өнеркәсібі ашылды «Сивер Плюс» деген. Жылдар бойы тоқтап тұрған мекеме болған. Биыл Алматыдан инвесторлар кіріп, сол кәсіпорынд дамытып жатыр.
Ауыл шаруашылығында да оң өзгеріс байқалады. Күнбағыс пен астықтың өнімділігі жоғары, ал мал азығы толық дайындалған. «Кең дала», «Агробизнес» және «Іскер» бағдарламалары аясында шаруашылықтар 888 миллион теңге көлемінде жеңілдетілген несие алды. Бұл егін мен мал шаруашылығын дамытуға үлкен серпін беріп отыр. Халықты жұмыспен қамтудың белсенді шараларының арқасында әлеуметтік көмек алушылар саны азайды. Жыл басынан бері 1000-нан астам адам тұрақты жұмысқа орналасқан. Инфрақұрылым да назардан тыс қалған жоқ. Биыл аудан елді мекендерінің барлығы сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілмек. Бірқатар ауылдарда су және жылу желілері жаңартылып, жолдар жөнделді, балалар алаңдары орнатылды. «Таза Қазақстан» акциясы аясында елді мекендерді абаттандыру жұмыстары жүйелі жүргізіліп жатыр. Биыл 11 мыңнан астам ағаш көшеті отырғызылды. Білім, мәдениет, спорт және жастар саясаты саласында да бірқатар жетістіктер бар. Салаға 8,6 млрд теңге бөлініп, 12 нысанға жөндеу жүргізілді. Бұл саладағы жүйелі жұмыстар өңірдің тұрақты дамуын қамтамасыз етіп отыр.
Қымбат Иманғали