Шығыс Қазақстан облыстық драма және оперетта театрында актер, режиссер, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Ертай Хасеновтың мерейтойына арналған шығармашылық кеш өтті. Ол ширек ғасыр бойы туған театрына адал еңбек етіп, көрермендердің жүрегін шынайы әрі түрлі образдарымен баурап келеді.

Ертай Хасенов 1975 жылы 25 қыркүйекте Абай облысы, Шұбартау ауданына қарасты Сарқамыс ауылында дүниеге келген. Шығармашылық жолында алпыстан астам рөл сомдап, әр образы көрермен жүрегінде өшпес із қалдырды. Оның кейіпкерлері әрдайым жылулыққа, шынайылыққа және жан тебірентерлік сезімдерге толы. «Сағыныш симфониясы» – әртіс үшін ерекше кеш болды. Ол балалық шақ, жастық және туған өлке туралы сағынышқа арналды.

Ертай Хасенов, ШҚО драма және оперетта театрының актері:

Бұл енді мерейтойдың шарамсы бір ауқымды ғой. 25 жыл бір театрдың қабырғансында өмір сүріп жатқаннан кейін, сол 25 жыл бойы жасаған еңбектің бір ұшын көрсету. Қазақ айтады ғой «Елу деген ердің жасы еңселі» деп. Мен елуге толдым деп мақтанып жатқан жоқпын. Осыған дейін қалай жұмыс жасалды. Бұдан кейін тағы не жасай аламын деген бір мағынада. «Сағыныш симфониясы» деген бір Қызырбектің өлеңі бар еді. Сол өлеңнің тақырыбын алып, сол Қызырбек баукырымның өлеңдерін қосып ішіне айландырып сол сағынышқа әкеп тіредік.

Бенефис поэтикалық кеш форматында өтті. Әртіс көрерменге Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі Қызырбек Дүргінбайұлының өлеңдеріне негізделген театрландырылған композицияны ұсынды.

Қызырбек Дүргінбайұлы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі:

Жалпы енді бұл кеште Ертай ағамыз өзінің елу жылдық өмір жолына менің өлеңімді арқау еткен екен. Өлеңдерімді. Енді кез келген оқырман, кез келген адам сенің өлеңіңнен өзінің өмір жолын, өмір өрнегін, тағдырын тауып жатса бұл поэзияның кәдеге жарағаны деген осы болса керек. Ертай ағамыздың бұл өзінің өмір жолын поэзиямен астастырып, өзінің тағдыр жолын поэзиядан тауып жатқаны қуантады.

Кешке Ертай Хасеновтың әріптестері, мәдениет саласының өкілдері, сондай-ақ «Шабыт» студенттік театрының шәкірттері мен түлектері қатысты. Мерейтой иесіне арналған жүрекжарды лебіздер айтылып, естелік сыйлықтар мен алғыс хаттар табысталды.

Бақдәулет Ерғалиұлы, «Шабыт» студенттік театрының түлегі:

Қасенов Ертай Жұманұлы өте жақсы кісі. Бізге мысалы 2021 жылдан бері танимын ол кісіні. «Шабыт» студенттер театрының студент болып кірген кезімнен бастап. Өте жақсы, өте білімді, ақылды кісі. Режиссерлік қабілеті өте жоғары. Бізге қаншама спектакльдерді қоюға үйретті. Бізді осы өмірге тәрбиеледі десек те болады. Өнер ол – адамның өмірі ғой жалпы ацйтқанда. Біз «Шабыт» студенттер театрының түлектері болып келіп көріп отырмыз.

Мерейтойлық кештің атмосферасы жылулыққа, құрметке және театр өнеріне өмірін арнаған жанға деген сүйіспеншілікке толы болды.

Талант Тұрсынов, Дильназ Мурзагалиева