Аймақта «Таза Қазақстан» республикалық акциясы жалғасуда. Бұл жолы Ұлан ауданында Республика күніне орай Қасым Қайсенов кентінде сенбілік өтті. Қоршаған ортаны қорғауға бағытталған шараға аудан орталығындағы мемлекеттік мекеме қызметкерлері, кәсіпкерлер, жастар және кент тұрғындары қатысты.
«Таза Қазақстан» акциясы Ұлан ауданында тұрақты түрде өткізіліп келеді. Бұған дейін де ауданның елді мекендерінде сенбіліктер өткізіліп, көшелер, саябақтар мен қоғамдық орындар күл-қоқыстан тазартылған болатын.
Медет Аханов, Қасым Қайсенов кенті әкімінің орынбасары:
Сенбілікке қатысушылар мемлекеттік қызметшілер, жеке кәсіпкерлер және Қасым Қайсенов кентінің тұрғындары. Сенбіліктің мақсаты осы кентімізді таза ұстап, ұлғайып, өсуіне үлес қосып және де жасөспірімдерге үлгі көрсетсек деген ойдамыз.
Жергілікті тұрғындар мен түрлі сала өкілдері тазалық жұмыстарында белсенділік танытып, жасыл желекті көбейтуге және халық арасында экологиялық мәдениетті арттыруға өз үлестерін қосты.
Тұрсынгүл Шинжина, Ұлан аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы:
Республика күніне арналған «Таза Қазақстан» акциясы аясында үлкен сенбілікке шығып жатырмыз. Бізде әжелер, ардагерлер, аналар осы акциядан қалыспайық деп мейрамға шығып отырмыз. Мен ойлаймын бұл үлкен мейрам. Біздің Қазақстанымыз таза болса, біз мақтан етеміз.
Сенбілікке мектеп оқушылары да белсенді қатысты. Жоғары сынып оқушылары Батырлар аллеясы мен оған іргелес аумақты тазалады.
Мұса Жеңісбек, Қ. Қайсенов к. орта мектебінің оқушысы:
10-11 сыныптар осы батырлар аллеясында тазалық жұмыстарын жасау үшін жиналдық. Бұл менің ойымша жастарға өте жақсы үлгі береді деген ойдамын. Осы «Таза Қазақстан» акциясы аясында біз жай ғана осы батырлар аллеясын емес, бүкіл Қасым Қайсенов кентін тазалауға өз үлесімізді қосамыз.
«Таза Қазақстан» акциясы алдағы уақытта да жалғасын таппақ. Мақсат - қоршаған ортаны қорғау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру.
Кәусар Идаятқызы, Дильназ Мурзагалиева