Аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов жұмыс сапарымен Алтай ауданына барып, су тасқынының алдын алу шараларын тексерді. Биыл өңірде көктемгі тасқын жағдайы ерекше бақылауға алынған.

Зубовск кентіндегі Бұқтырма өзенінде орналасқан бөгет 2001 жылы салынған. Ұзындығы - 2 400 метр, ені - 5, биіктігі - 3,5 метр. Су тасқынына қарсы жұмыстар барысында бөгеттің 200 метрлік бөлігі күшейтілді. Сондай-ақ ауданда арық жүйелері тазартылып, Железнодорожная көшесіндегі және Зубовка өзеніне апаратын каналдағы шөптер орылып, арналар ретке келтірілді. Бұған қоса Березовка өзенінің арнасы 700 метрге дейін тереңдетілді.

Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Бұқтырма өзені, Тұрғысын өзенді жыл сайын түрлі мінез көрсетеді. Судың қалай көтерілетінін болжау қиын. Бірақ біз барлық ақпаратты алып алдын ала білір отырмыз.

Аудан тұрғындарына түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, су тасқыны кезінде әрекет ету тәртібі жазылған жадынамалар таратылды. Қазіргі таңда инертті материал салынған 600 дана ыдыс-қап дайындалып, қосымша 8 тонна материал қоры жасақталған. Бұқтырма, Березовка, Зеленка және Зубовка өзендеріндегі жағдай күнделікті бақылауда. Өзендердегі су деңгейін бақылау үшін ауданда үш гидробекет жұмыс істеп тұр. Малеевск ауылындағы Бұқтырма өзенінің гидробекетінде қауіпті деңгей 580 см деп белгіленген.

Лариса Борзенко, гидрологиялық бекеттің бақылаушысы:

Біз су деңгейін тұрақты бақылап отырамыз, кейін есеп жүргіземіз. Егер су көтерілсе, бақылау жиілейді – алдымен әр 4 сағат сайын, ал деңгей одан әрі өссе, 2 сағат сайын тексереміз.

Аймақта ғимараттар мен үйлерді су басу қаупін барынша азайту үшін алдын алу жұмыстары жалғасып жатыр.

Облыс әкімі сапар барысында «Алтай» теміржол вокзалының жұмысымен танысты. Теміржол вокзалын жаңғырту жобасының жетекшісі Дәурен Сәрсембаев қазіргі таңда нысанның сыртқы қаптамасына қажетті материалдарды жеткізу күтіліп отырғанын мәлімдеді.

Дәурен Сәрсенбаев, жоба жетекшісі:

Жұмыстар 2025 жылдың қыркүйек айында басталды. Қазіргі таңда қара жұмыс толық аяқталды. Ғимарат ескі болғандықтан, толықтай арматура және тор арқылы күшейтілді. Сылақ жұмыстары жүргізіліп, қабырғалардың беріктігін арттыру үшін сейсмобелдеулер орнатылды. Сонымен қатар, екі ғимараттың шатыры толық жаңартылды. Нысан екі бөліктен тұрады. Бір жағында әкімшілік, екінші жағында жолаушылардың күту залы орналасады.

Қазіргі таңда еденнің 80 пайызы төселген, төбелер қапталған, жылыту және желдету жүйелері 70 пайызға дайын. Электр желілерін орнату басталып, сыртқы қасбетті әрлеуге дайындық жүріп жатыр. «Алтай» теміржол вокзалын пайдалануға беру шілде айына жоспарланған.

Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Алтай ауданы әдемі өңірлердің бірі. Сондықтан көпшілік теміржол вокзалы арқылы түседі. Сол кезде керемет әсер алу керек. Басты мәселе сапа. Сапаға қатты көңіл бөліңіздер.

Жоба жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттырып, заманауи әрі қолайлы инфрақұрылым қалыптастыруға, сондай-ақ ауданның көлік қолжетімділігін дамытуға ықпал етеді.

Бекарыс Секен