2026 жылдың алғашқы тоқсанының қорытындысы бойынша аймақта онкологиялық қызметтің жұмысы оң нәтижелер көрсетті. Бірқатар негізгі көрсеткіштер бойынша ілгерілеу байқалады. Атап айтқанда, өлім-жітім деңгейі төмендеп, ауруды ерте анықтау көрсеткіші артқан. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте денсаулық сақтау саласының мамандары мәлімдеді.

Дегенмен өңірде ерекше назар аударуды қажет ететін қатерлі ісік түрлері әлі де бар. Мамандардың айтуынша, мәселе тек емдеуде ғана емес, ең алдымен ауруды ерте кезеңде анықтауда. Себебі, дер кезінде қойылған диагноз науқастың сауығу мүмкіндігін едәуір арттырады.

Айнаш Қапанова, Облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

Қазіргі таңда колоректалды обыр мәселесіне ерекше назар аудару қажет. Өңірдегі онкологиялық аурулардың тізімінде бұл дерт алдыңғы орындардың бірін алады. 2025 жылы облыс бойынша 265 жаңа жағдай тіркелді. Сонымен қатар, өлім-жітім көрсеткішінде колоректалды обыр екінші орында тұр. Сол үшін скринингтік тексерулерден уақытылы өтіп, қандай да бір шағымдар болса немесе қауіпті факторлар анықталған жағдайда тексеруді кейінге қалдырмау қажет.

Ал, облыстың бас онкологының айтуынша, бұл салада анықталған жағдайлардың жаңа дерегі бойынша оң динамика байқалады. Бұл өңірде жүргізіліп жатқан диагностикалық емдеу жұмыстарының тиімділігін көрсетеді.

Гүлмира Сағидуллина, Облыстық Көпсалалы онкология және хирургия орталығының директоры:

Бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша бүгінде есепте 15 122 пациент тұр. Яғни, бұлардың барлығы бақылауға алынып, ем қабылдап жатқан науқастар. Үш ай ішінде 499 жаңа жағдай тіркелді, яғни шамамен 500-ге жуық науқас анықталды. Аурушаңдық көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 71,5 пайызды құрады. Өткен жылы бұл көрсеткіш 80,7 пайыз болған. Бұдан бөлек, өлім-жітім деңгейі де өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда төмендеді. Былтыр бұл көрсеткіш 100 мың тұрғынға шаққанда 103 болса, биыл 95-ке дейін азайды. Бұл қатерлі ісіктен көз жұмғандар санының азайғанын көрсетеді.

Кеселді дерттің алу шараларының маңызды бөлігі – ашық есік күндері. Жыл басынан бері облыста осындай үш шара ұйымдастырылып, оның аясында 2 850 адам тексеруден өтті. Нәтижесінде 17 тұрғыннан қатерлі ісікке күдік анықталса, тағы 101 адамда обыр алды жағдайы диагностикаланған. Олардың барлығы мамандардың кеңесін алып, қосымша тексерулерге жолданды.

Фатима Тілейханқызы