Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында су мәселесіне айрықша назар аударды. Президенттің айтуынша, су ресурстары – елдің стратегиялық байлығы ғана емес, ұлттық қауіпсіздіктің тірегі. Сондықтан бұл салаға салғырт қарауға жол жоқ.

Осы бағытта 2019 жылы Су шаруашылығы және суды пайдалану саласындағы құзыреттер мен технологиялар трансфері орталығы ашылды. Орталық Дәулет Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті базасында жұмыс істейді. Сонымен қатар, мұнда су саласы мамандарының біліктілігін арттыруға да ерекше көңіл бөлінген.

Гүлназ Мамырбекова, Суды пайдалану және су шаруашылығы саласындағы технологиялық құзыреттер және трансфері орталығының аға ғылыми қызметкері:

Мақсатты қаржыландыру бойынша ұтып алынған жоба. Бұл жобаның ерекшелігі, Ертіс өзенінің Қазақстан бойынша ең ірі өзендердің бірі болуы. Сонымен қатар оның трансшекаралық өзеннің бірі болуы. Яғни біз Қараертістен бастап Ресеймен шектелетін Железинка аулы аралықтағы Ертіс су бассейнінің су эко жүйесіне баға бердік. Бұл жерде әртүрлі заманауи пилотты және пилотсыз қондырғылар қолданылып, солардың өтімі бойынша және ондағы су сапасына баға берілді.

Бүгінде бұл орталық су ресурстары, сумен жабдықтау және кәріз жүйелері бойынша білім алып жатқан бакалаврлар мен магистранттар үшін маңызды тәжірибелік алаңға айналды.

Амаль Арыстанғалиева, студент:

Мен су ресурстары мамандығы бойынша бірінші курста оқимын. Бұл мамандықты таңдаған себебім – суға қатысты барлық нәрселер маған ұнайды. Маған өзендерді зерттеу, олардың жағдайын білу қызықты. Бұл жұмысқа жаным жақын. Болашақта өз елімде су саласына байланысты қызмет атқару үшін осы университетті таңдадым.

Орталық заманауи технологиялық жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Қазіргі таңда мұнда 5 ғылыми қызметкер еңбек етеді. Мамандар су ресурстарын тиімді пайдалану, су есептеу жүйелері мен суару технологияларын жетілдіру бағытында зерттеу жұмыстарын жүргізуде. Айта кету керек, мұнда бес зертхана жұмыс істейді. Әр зертхана өз бағыты бойынша ғылыми және тәжірибелік жобаларды жүзеге асырып келеді.

Нұрдәулет Қалибеков