Өскеменде төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлерінің құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған кездесу өтті. Сала мамандарына жаңа Конституцияға енгізілген өзгерістер, есірткі қылмысының салдары түсіндірілді. Кездесудің мақсаты –адам құқықтары мен бостандықтарын сақтаудың маңыздылығын айқындау және өз қызметінде жауапкершілікпен әрекет етуге бағыттау.
Шараға ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның сараптамалық кеңісінің мүшесі Абзал Бекбосынов қатысты. Ол жаңа Конституцияға енгізілген өзгерістерді түсіндіріп, адам құқықтары мен бостандықтарын сақтау, сондай-ақ жалпы конституциялық өзгерістердің маңыздылығына тоқталды.
Абзал Бекбосынов, ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның сараптамалық кеңісінің мүшесі:
Жаңа конституциямызға өзгерістер енді. Ол өзгерістердің ішінде көптеген мәселелер қозғалды. Оның ішінде қозғалған мәселелердің бірі адам құқығы. Үйткені біздің конституциямызда көзделген адам құқығының бостандығы ол ең үлкен деңгейі. Сол үшін ШҚО ТЖД қызметкерлеріне осы жаңа конституцияға енген баптарды түсініктемі жүргізуге арналған іс-шара бұл.
Бұдан бөлек, кездесуде нашақорлықтың алдын алу, есірткі заттарының заңсыз айналымы және оның адам ағзасына тигізетін зияны туралы маңызды мәліметтер ұсынылды. ШҚО Полиция департаментінің мәліметінше, өткен жылы өңірде есірткіге қатысты 273 құқық бұзушылық анықталған. Сонымен қатар, есірткі өндіру және дайындаумен айналысқан 11 фитозертхана жойылып, заңсыз айналымнан 600-ден астам есірткі заты тәркіленген. Оның ішінде 7 келіден астамы синтетикалық есірткілер бар.
Дастан Агибаев, ШҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бөлім бастығы:
Қазақстан Республикасында есіркі заттарын қолдану және есіркі заттарын жасау бойынша қылмыстық жауапкершілік көзделген. Әкімшілік жауапкершілік 440 бабы бойынша қоғамдық орындарда мас күйінде болу, 440/1 бойынша есірткі заттарын медициналық емес мақсатта қолдану. Яғни айыппұл немесе әкімшілік қамауға алып кеп соғады. Есірткі заттарын бір рет қолданудың өзі құқық бұзушылық болып табылады.
Мамандардың айтуынша, есірткі адам ағзасына ғана емес, психологиялық жағдайына да кері әсерін тигізеді. Тәуелділікке түскен адам шынайы өмірден алшақтап, өз әрекетіне жауап беру қабілетін жоғалтуы да мүмкін. Мұндай жағдайда кәсіби көмекке жүгіну аса маңызды.
Кристина Ширшикова, Өскемен қаласы бойынша наркологиялық қызмет бөлімінің психологі:
Бүгінгі кездесуіміз нашақорлық мәселесіне және есірткінің адам ағзасына әсеріне арналады. Есірткі адамды тәуелділікке жетелейді. Мұндай жағдайдан өз бетінше шығу қиын, сондықтан көп жағдайда мамандардың көмегі қажет. Пациенттер бізге анонимді түрде жүгінеді — барлық ақпарат құпия сақталады. Есірткі қолданған адам шынайы өмірді дұрыс қабылдай алмайды. Санасы тұманданып, жауапкершілік пен қорқыныш сезімі төмендейді.
Кездесу соңында төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, тың ақпарат алды.
Нұртас Қайролдаев