Аймақта су тасқыны қаупі жоғары аумақтарға әуеден бақылау жүргізілді. Әуе мониторингі барысында мамандар қар жамылғысының көлемін, су қорының мөлшерін және қауіпті саналатын учаскелерді анықтады. Әуеден барлау – әсіресе таулы аймақтар үшін маңызды шаралардың бірі.

Мамандар жасаған әуе шолуы 365 шақырымды құрады. Бағыт Өскемен – Шемонаиха – Верх-Уба – Риддер – Малоульбинское су қоймасын қамтыды. Сонымен қатар Алтай, Үлкен Нарын және Катонқарағай аудандарына да барлау жүргізілді. Жұмыс тобының құрамында облыс әкімдігіне қарасты салалық басқармалар, Төтенше жағдайлар департаменті, гидрометеорологиялық қызмет және бассейндік инспекция өкілдері бар.

Рафик Симбинов, ШҚО жұмылдыру дайындығы және жұмылдыруды қамтамасыз ету қызметінің басшысы:

Біз Катонқарағай ауданының жоғарғы бөлігін әуеден барлап шықтық. Қазіргі уақытта қар еруінің алғашқы кезеңі жүріп жатыр. Өзендердің деңгейін бақылап отырмыз. Бүгінде өзендердің шамамен 90 пайызы мұздан толық ашылған. Кей жерлерде шағын мұз кептелістері бар, бірақ су емін-еркін өтуде, мұздар бөлшектенген. Алда қар еруінің екінші және үшінші кезеңдері, яғни мамырдың соңы мен маусымның басында басталады. Қазіргі таңда ауа-райы тұрақты. Дегенмен алдағы уақытта ауа температурасы 20 градусқа дейін көтерілуі мүмкін. Ал келесі аптада жаңбыр жауып, кей жерлерде ылғалды қарға ұласуы мүмкін. Соған қарамастан, ТЖД мен жергілікті атқарушы органдар су тасқыны кезеңіне толық дайын.

Мамандардың мәліметінше, Глубокое ауданында қар жамылғысы 80 пайызға дейін жетеді. Секисовка аумағында қардың қалыңдығы 40 сантиметрге дейін, ал су қоры қалыпты деңгейде. Верх-Уба таулы бөлігінде, яғни Убинка өзені алабында қардың биіктігі бір метрден асады. Ал, Риддер қаласында қар жамылғысы жоқ, тек аздаған қар көшкіні тіркелген. Малоульбинское су қоймасында қар жамылғысы – 250 сантиметрге дейін жетеді. Алайда су қоры нормадан 10–15 пайызға төмен.

Александр Дюкарев, «Қазгидромет» РМК ШҚО филиалының жетекші инженері:

2013 жылдан бері, нақытрақ айтсақ соңғы 12 жылда өңірдегі қар,жауын-шашын мөлшері артқан. Кей жылдары көрсеткіш нормадан 30–50 пайызға дейін жоғары болды. Ал биыл керісінше, қар қоры орташа көпжылдық көрсеткіштен шамамен 20 пайызға төмен. Сондықтан, әзірге ірі су тасқыны күтілмейді. Бірақ жауын-шашын көп түссе, су деңгейі күрт көтерілуі мүмкін. Қазір су тасқынының бірінші толқыны өтіп жатыр.

Қазіргі уақытта өңірде су тасқыны бойынша жағдай тұрақты. Елді мекендерге қауіп төніп тұрған жоқ. Жағдай облыс әкімдігі мен төтенше жағдай қызметінің тәулік бойы бақылауында.

Фатима Тілейханқызы