Өскеменде «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында ауқымды сенбілік өтті. Қала көшелері мен қоғамдық орындарды тазартуға 500-ден астам азамат қатысып, тұрғындар қоршаған ортаны қорғауға өз үлестерін қосты.

Сенбілікке Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысты. Аймақ басшысы сенбілік аясында студенттермен және еріктілермен кездесті. Өңір әкімі жастардың экологиялық мәдениетті қалыптастырудағы рөліне тоқталып, тазалық – ортақ жауапкершілік екенін айтты.

Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Біздің ШҚО жүйелі түрде жұмыстар жүргізілуде. Осындай сенбіліктер, эко шаралар ұйымдастырылады. Айналамызды тазалыққа ұстай отырып, көпшілікке осындай экологиялық мәдениетті қалыптастырамыз деп ойлаймын. Бұның барлығы айналып келген кезде халықтың өмір сүру сапасын жоғарылатудың бірден бір жолы. Таза жер ол тазаланған жер емес, ол шашылмайтын жер. Осыны біздің жатарымыз әсіресе өскелең ұрпақ қалай тазалықтың болатын білсе қолындағы жаман шығарындыларды тастамайды, қайта керекті жерге апарып тастап өзінің мәдениетін қалыптастыра береді.

Сенбілікке колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттері, оқытушылар, еріктілер және қала тұрғындары қатысты. Олар тұрмыстық қатты қалдықтарды жинап, бекітілген аумақты мұнтаздай етті.

Альмира Дүсіпова, Халық әртістері ағайынды Абдуллиндер атындағы ШҚ өнер училищесінің директоры:

Біз «Таза Қазақстан» акциясы аясында оқу орнымыздың студенттері мен оқытушылары бірге облыс орталығын тазартуға шықтық. Оқу орны аумағына жақын жерлерді ретке келтіріп, қаламыздың тазалығына өз үлесімізді қосудамыз. Біз үшін ерекше күн – бәріміз көтеріңкі көңіл-күйдеміз. Көктем келіп, табиғат жаңарып жатқан сәтте мұндай игі шаралар – тазалықтың, жаңарудың белгісі. Осындай бірліктің арқасында қаламыз көркейе түседі.

Қала тұрғындары да игі бастамаға бейжай қарамай, тазалық акциясында белсенділік танытты. Олардың айтуынша, мұндай шаралар шаһардың көркін арттырып қана қоймай, азаматтардың жауапкершілігін де күшейтеді.Жастар да бұл бастаманы қолдайды. Студенттердің айтуынша, «Таза Қазақстан» акциясы – туған жерге деген жанашырлықтың нақты көрінісі.

Мұндай сенбіліктер бір реттік шара емес. Ұйымдастырушылар алдағы уақытта экологиялық акция облыс ортлығының өзге де аудандарында өтетінін айтты.

Нұртас Қайролаев