Ұлан ауданында көктемгі дала жұмыстарына дайындық қарқынды. Биыл егіс алқабы 120 мың гектардан асады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 6,7 мың гектарға артық. Осыған орай, Саратовка ауылында шаруа қожалықтарының басшыларын біріктірген семинар өтті. Жиында егіс науқанына дайындық, қажетті ресурстармен қамтамасыз ету және жаңа технологияларды енгізу мәселелері талқыланды.
Ұлан ауданындағы ауыл шаруашылығының негізгі үлесін дәнді, майлы және жемшөп дақылдары құрайды. Мамандардың айтуынша, мұндай құрылым өнімділікті арттыруға мүмкіндік береді. Егіс құрылымындағы дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар 39,3 мың гектарды құрайды. Оның ішінде бидай – 32,3 мың, арпа – 7 мың гектар. Ал жемшөп дақылдары 45,8 мың гектарды қамтиды.
Самат Қыдырмолда, ШҚО әкімінің кеңесшісі:
Егін науқанына ауданның дайындығы өте жоғары деңгейде деп есептеймін. Биылғы жылда қарастырылып отырған Аграрлық кредиттің корпорациясы бойынша да «Кең дала-2 »қаржыгерлік бағдарламаларының жұмыстары жоғары деңгейде.
Шаруашылықтар тұқым қорын толық дайындап, сапасын зертханалық тексеруден өткізген. Осылайша, тұқым қоры толық жасақталған. Жалпы 2715,9 тонна тұқымның 77,7 пайызы – бірінші, 18,8 пайызы – екінші сыныпты. Бұдан бөлек, қожалықтар қосымша 2734,6 тонна сапалы тұқым сатып алған.
Алхан Байсақов, «Шарапат Агро» ЖШС директоры:
Қазіргі шаруашылықтарда бұрыннан қалыптасқан, әбден ысылған мықты-мықты азаматтар. Олар өздері көп мәселені шешеді. Кейбір мәселелер дайын болмаған. Сол мәселелерді ортаға салып шештік.
Суармалы жерлерді дамыту да басты назарда. Ауданда 11 мың гектардан астам суармалы жер тіркелген. Соңғы жылдары ылғалды үнемдеу технологиялары енгізіліп, заманауи суару жүйлерері қызмет барысында қолданылуда. Техниканы жаңарту жұмыстары да қарқын алған. Өткен жылы шаруашылықтар 73 жаңа техника сатып алып, ескі техникаларды кезең-кезеңімен жаңартуда. Биыл «Шарапат Агро» ЖШС-нің 100 гектарға жуық алқабына 2 суару машинасын орнату жоспарлануда. Ал «Иртыш» ЖШС-нің 151,8 гектар жеріне 5 суарғыш қондырғы орнатылмақ. Мамандардың айтуынша, бұл жобалар егін өнімділігін арттырып, су ресурстарын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.
Анатолий Барков, «Иртыш» ЖШС директоры:
Бәрі салыстыру арқылы анықталады. Сондықтан мұндай шараларды өткізу қажет. Қожалық иелеріне берер пайдалы ақпараттарға толы. Биыл шаруалардың өнімі мол болады деп үміттенемін.
Ал көктемгі дала жұмыстарын іске асыруға 2,7 мың тонна дизель отынына өтінім берілген. Отын жеткізу наурыздан маусым айына дейін кезең-кезеңімен жүргізілмек. Сонымен қатар, мемлекеттік қолдау аясында «Кең дала» бағдарламасы шеңберінде қаржыландыру қарастырылған. Бұл өз кезегінде егістік науқанын уақытылы ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
Аяулым Усинова