Алтай ауданында туристік сала қарқынды дамып отыр. Кәсіпкерлікке мемлекеттік қолдау көрсетіліп, жаңа инвестициялық жобалар іске қосылуда. Демалушылар мен шетелдік қонақтардың келуіне жағдай жасалуда.
Алтай ауданында «Ауыл аманаты» бағдарламасына ерекше көңіл бөлінуде. Биыл құны 453 млн. теңгеден асатын 25 жоба дайындалды. Онда туризм саласына басымдық берілген. Жалпы, мемлекеттік қолдау шаралары өз нәтижесін де беріп үлгерді. Соның айқын дәлелі– ауылдық жерде туристік бизнесті дамытып отырған кәсіпкер Александр Катаев.
Александр Катаев, кәсіпкер:
Мен «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы былтыр несие алдым. Қазірдің өзінде үш қонақ күтетін үйім бар. Олар Малеевка округінде жұмыс істеп тұр.Әзірге тек жаз мезгілінде ғана қызмет көрсетеміз. Биыл электр желісін тартып,қысқа дайындалуды көздеп отырмын. Барлық жағдай демлаушылар үшін жасалған. Ыстық, суық су, тоңазтқыш, микротолқынды пештер, қажетті ыдыс – аяқ бәрі бар. Осы жылы Италиядан туристер келуі тиіс. Олар қызығушылық танытып, үйлерге алдын ала төлем жасап қойды. Енді монша салуды қолға алып, биыл құрылысын бастамақпыз. Сонымен қатар, балалар ойнайтын алаңқай да жасап жатырмыз. Бұл жердің табиғаты керемет, дәл қасымызда өзен бар. Адамдар пайдаланып, кәдеге жаратады.
Биыл туризм саласын қолдаудың қосымша шаралары енгізілуде. Шетелдік туристер үшін туроператорларға субсидиялар беріледі. Ішкі және кірме туризм қосылған құн салығынан босатылады. Туристік нысандар мен инфрақұрылым құрылысына жұмсалған шығындардың бір бөлігі өтеледі.
Ерік Ерболатов, Алтай ауданының кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы:
Ауданда белсенді демалысты дамыту бағыты жыл бойы іске асуда. Түрлі демалыс үйлері мен қоғамдық тамақтану нысандарын салу, ат туризмі, балық аулау бойынша жобалар жүзеге асырылуда. Қысқы кезеңде тау шаңғысы трассалары, мұз айдыны жұмыс істейді. Кәсіпкерлік пен туристік инфрақұрылымды кешенді дамыту аудан экономикасын әртараптандыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, халық табысының өсуіне және өңірдің әлеуетін нығайтуға ықпал етеді.
Былтыр ауданда шағын және орта бизнесті қолдау аясында 407 млн. теңгеге жуық 8 жобаға субсидия берілді. Сондай-ақ 430 млн. теңгеден астам қаржыға тағы 6 жоба бойынша несиелерге кепілдік жасалды. Халықтың әлеуметтік осал топтарына 12 грант бөлінді.
Гүлдана Айдарқызы