2024–2025 жылғы жылыту маусымында облыс тұрғындарына 257 млн теңге қайтарылды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы Қуат Мұстапин мәлімдеді.
Мамандардың айтуынша, өңірдегі негізгі мәселе – инфрақұрылымның әбден ескіруі. Қолданыстағы желілердің басым бөлігі жарты ғасыр бұрын салынған. Ал жыл сайынғы табиғи тозу жаңарту қарқынынан асып түсіп отыр. Бұл өз кезегінде апат қаупін арттырып, қызмет сапасына тікелей әсер етеді.
Қуат Мұстапин, Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы:
Өңірдегі коммуналдық желілердің тозу деңгейі орта есеппен 56%-дан 95%-ға дейін жетеді. Жыл сайынғы табиғи тозу 2–3%-ды құрайды, ал инфрақұрылымның басым бөлігі 50 жылдан астам уақыт пайдаланылып келеді. 2026 жылға 8 млрд 17 млн теңге инвестиция қарастырылып, 30 шақырымға жуық желі жаңғыртылмақ. Бұл тозуды 3–8%-ға төмендетіп, желідегі шығындарды 1,4%-ға азайтуға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, алдағы уақытта коммуналдық төлемдерді жеңілдету үшін әлеуметтік осал топ санатындағы азаматтарға тұрғын үй көмегі көрсетіліп, оның ашықтығын қамтамасыз ету үшін цифрлық бақылау жүйелері енгізіледі.
Мәселені шешу үшін тарифтік бақылау да күшейтілген. Департамент тек бағаны реттеп қана қоймай, табиғи монополия субъектілерінің өз міндеттемелерін орындауын да қадағалайды. Әсіресе, инвестициялық бағдарламалардың орындалмауы басты бұзушылықтардың бірі болып отыр.
Көркем Қайратқызы, Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің бас маманы:
Бақылау қызметі шеңберінде 5 жоспардан тыс тексеру жүргізілді, оның нәтижелері бойынша табиғи монополиялар саласындағы заңнама бұзушылықтары анықталды, оларды жоюға бағытталған 2 ұйғарым шығарылды, барлық ұйғарымдар белгіленген мерзімде орындалды. Сондай-ақ 22 әкімшілік іс қозғалды: оның 13-і орындалды, 7-уі орындалу сатысында, 2-уі сот тәртібімен жойылды. Бұзушылықтардың негізі болып инвестициялық бағдарламаларды орындамау, тарифтік сметаларды бұзу және есептілікті ұсынбау болып табылды. Айыппұл сомасы 12,0 млн теңгені құрады, оның 6,2 млн теңгесі өндірілді, қалған бөлігі мәжбүрлеп орындату сатысында, барлық материалдар уәкілетті органдарға жіберілді.
Мұндай бақылау шараларының нәтижесінде тұтынушылардың құқықтарын қорғау тетіктері де іске қосылмақ. Яғни, кәсіпорындар өз міндеттемелерін орындамаған жағдайда, артық алынған қаражат халыққа қайтарылады.
Қуат Мұстапин, Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы:
2025 жылы департамент 227 өтінімді қарады: 180-і мақұлданып, 47-сі кері қайтарылды. Міндеттемелер орындалмаған жағдайда өтемдік тариф енгізіледі. Осыған байланысты 5 субъектіге 61 млн теңгеге өтемдік тариф бекітілді: 14 млн теңге – инвестициялық бағдарлама, 47 млн теңге – тарифтік смета бойынша. 2024–2025 жылғы жылыту маусымында халыққа 257 млн теңге қайтарылды.
Алайда, мәселені толық шешу үшін тек бақылау жеткіліксіз. Инфрақұрылымды жаңғырту қарқынын арттыру қажет дейді сала мамандары. Себебі, тозу деңгейі жоғары күйінде қалса, бұл алдағы уақытта тарифтердің өсуі мен апаттардың жиілеуіне әкелуі мүмкін.
Нұртас Қайролаев