Шемонаиха ауданында ішкі туризмді дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Табиғат аясындағы белсенді демалыс түрлері көбейіп, отбасылық және жастарға арналған орындар саны артуда. Өңір басшылығы туристік бағыттарды кеңейтіп, жаңа жобаларды іске асыру арқылы өзге аймақтардан келетін саяхатшыларды тартуды мақсат еткен.

Ауданның туристік әлеуеті жоғары. Бұл бағытта әсіресе демалыс күнгі туризмді дамытуға басымдық берілген. Ауданның географиялық тұрғыдан тиімді орналасуы – облыс орталығы мен Семей қаласына жақындығы келушілер санын арттыруға мүмкіндік береді.

Дидар Кеңесбаев, Шемонаиха ауданының әкімі:

Демалыс күнгі туризм аясында біз таңертеңнен кешке дейінгі қызмет түрлерін ұсынамыз. Атап айтқанда, жаяу серуен, Үбі өзені бойымен суға түсу, катамаранмен жүзу ұйымдастырылады. Бұл өзен бұрын спорттық ескек есуден шеберлік нормативтері тапсырылатын деңгейде болған. Қауіпсіздік мақсатында бағыттар күрделілігіне қарай бөлінді. Тур соңында қатысушыларға арнайы сертификат беру жоспарланған. Себебі олар толыққанды нұсқаушының бақылауымен қысқа мерзімді оқу курсынан өтеді. Өткен жылы осындай 6-7 сертификат табысталды.

Былтыр ауданда балаларға арналған тың демалыс түрі іске қосылды. Жоба жастар ресурстық орталығы мен еріктілердің қолдауымен жүзеге асып, жасөспірімдердің табиғат аясында білім алып, тәжірибе жинауына жол ашты.

Дидар Кеңесбаев, Шемонаиха ауданының әкімі:

Бір апта бойы жасөспірімдер шатырлы лагерьде тұрып, жартасқа өрмелеу, катамаранмен жүзу, алғашқы медициналық көмек көрсету дағдыларын меңгерді. Сондай-ақ экстремалды жағдайда бағдар табу, табиғатты тану бағытында білім алды. Биыл бұл жобаны кеңейтіп, облыстық деңгейде жүзеге асыру жоспарда бар. Балаларды қабылдап, экотуризмді жүйелі дамыту көзделуде.

Сонымен қатар, былтыр күзде жол талғамайтын көліктерге арналған джип-фестиваль өтті. Бұл шара тұрғындар арасында да үлкен қызығушылық тудырыған. Биыл фестиваль ауқымын кеңейту көзделіп отыр. Оған өңірлерден қатысушылар тартылып, арнайы дайындалған трассада жарыстар ұйымдастырылмақ.

Нұртас Қайролдаев