Құтқарушылар кәсіби мерекеге орай марапатталды. Шара Ұлан ауданында ұйымдастырылды. Салтанатты жиында саналы ғұмырын аталған салаға арнағандарға құрмет көрсетілді. Мерекелік басқосудың өтуіне аудан әкімдігі мен ТЖД ұйытқы болды.
Ұлан ауданында төтенше жағдайлар саласы қызметкерлеріне арналған салтанатты жиын өтті. Мерекелік жиында өз ісіне адал, кәсіби шеберлігімен көзге түскен 13 қызметкер марапатқа ие болды. Оларға облыстық төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері мен аудан әкімі алғыс хаттар мен төсбелгілер табыстады.
Әділбек Бидахметов, Ұлан аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы:
Он тоғызыншы қазан Қазақстан Республикасы төтенше жағдай министрлігінің құтқарушыларының мерейтойы. Осы мерейтой қарсаңында Ұлан ауданы әкімінің қолдауымен осындай мереклеік шара ұйымдастырылуда. 13 қызметкер Қазақстан Республикасы төтенше жағдайлар министрлігімен және облыс әкімімен, төтенше жағдайлар департаменті бастығымен және аудан әкімі марапаттау қағаздарымен құттықталуда.
Құтқарушылардың қызметі – батылдық пен жауапкершілікті талап етеді. Сондықтан олардың әрбір еңбегі мен ерлігі ел назарынан тыс қалмайды.
Жазира Темірбекова, Қ.Қайсенов кентінің №10 өрт сөндіру бөлімінің радиобайланысшысы:
Осында жұмыс істегеніме 18 жыл болды. Осы әкімнің марапаттауына медаль алуға келіп тұрмын. Бүкіл қазақстандықтарды, бүкіл өрт сөндіру бөлімін, төтенше жағдай бөлімдерін 30 жылдық мерейтоймен құттықтаймын.
Шара соңында қатысушылар төтенше жағдай қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтап, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.
Талант Тұрсынов