Бүгін «Омбы-Майқапшағай» бағытының маңызды бөлігі саналатын «Қалбатау-Майқапшағай» автожолы пайдалануға берілді. 215 млрд теңгеге жуық қаржы жұмсалған жоба өңірдің көлік инфрақұрылымын жақсартып, транзиттік мүмкіндіктерін кеңейтпек. Бұл - облыс үшін стратегиялық тұрғыдан аса маңызды қадам.

Бұл ауқымды жоба Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан көлік-логистика инфрақұрылымын жаңғырту жөніндегі мемлекеттік бағдарлама аясында іске асырылды. Жаңа жол еліміз үшін стратегиялық маңызға ие. Ол халықаралық «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» көлік дәлізінің маңызды бөлігі және сыртқы сауданы, транзиттік әлеуетті, өнеркәсіптік ынтымақтастықты дамытуда тың мүмкіндіктер ашады.

Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Бүгін ШҚО мен Абай облысында сән салтанаты жарасқан күн. Сегіз жыл бойы күткен Қалбатау-Майқапшағай учаскесінің ашылуы борлды. Бұл халықаралық жолдың бір бөлігі. Батыс-Еуропа, Батыс-Қытай дәлізінің бір буыны болып есептелінеді. Барлығы 415 шақырым жолдың 231 Шығыс Қазақстан арқылы өтеді. Біз тағы да мердігер компаниясына үкіметке және көлік министрлігіне және Казавтожол компаниясына рахметімізді айтамыз.

Қайта жаңарту жұмыстарының нәтижесінде жолдың өткізу қабілеті артып, сапасы жақсарып, жол қозғалысы қауіпсіздігі қамтамасыз етіліп, кәсіпкерлікті және туризмді дамытуға қолайлы жағдай жасалды.

Дархан Иманашев, «ҚазАвтоЖол ҰК» АҚ басқарма төрағасы:

Қалбатау-Майқапшағай ірі жобасын іске асырып жатырмыз. Бүгін ресми түрде қозғалысты ашып жатырмыз. Шамалы жұмыстар қалды. Олар абатандыру жұмыстары, жол белгілерін орнату. Желтоқсанның ортасына дейін толық жұмыстар аяқталады. Транзиттік дәліз ретінде өте маңызды. Бұл жол Майқапшағай өткізу бекетіне тура келеді. Майқапшағай бекетіне үлкен үміт артамыз. Өзіміз майқапшағай бекетіне жақын жерге алты жолаққа дейін үлкейттік және қосымша аялдама жасадық. Енді қазір қаржы министрлігімен бірге осы мәселені қарастырып, толық ірі транзиттік жүктерді осы жолға ауыстыратын боламыз.

Бастама аясында Абай және Шығыс Қазақстан облыстарында 10 учаске жаңартылды. Оның ішінде 5 бөлік – Абай өңірінде, ал негізгі 231 шақырымдық бөлігі – Шығыс Қазақстан аумағында орналасқан. Ашылған жаңа магистраль Зайсан мен Тарбағатай аудандарының экономикалық әлеуетін арттыруға, туризм, сауда және шағын бизнесті дамытуға сеп болады.

Сяохуа Хуан, «СиньСин» корпорациясының Халықаралық істер жөніндегі Департаментінің директоры:

Біз үшін үлкен қиындықтардың бірі – дәл осы Шығыс Қазақстан облысы мен Абай өңіріндегі ауа райы жағдайлары мен құрылыс маусымының өте қысқа болуы болды. Құрылыстың тиімді жүргізілуін қамтамасыз ету үшін құрылыс маусымында жұмыс күші мен техниканы және қаржы қаражатын барынша көбірек жұмсау қажет болды. Екі ел үкіметтерінің өзара түсіністігінің, облыс және аудан әкімдіктерінің құрылысқа қолдау көрсетуінің арқасында сондай-ақ тапсырыс берушіміз «ҚазАвтоЖолдың» көмегі мен қолдауының арқасында біз барлық жұмыстарды аяқтадық. Бізге сенім артса біз Қазақстанның инфрақұрылымын дамытуға әрмен қарай ат салысуға дайынбыз.

«Қалбатау-Майқапшағай» учаскесінің ашылуы - еліміздің заманауи жол желісін қалыптастырудағы және экономиканы тұрақты дамытудағы маңызды қадам.

Ринат Зайыт, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты:

Мемлекеттегі осы өңірдегі халықтың арманы орындалды деп айтсақ артық айтпаймыз. Маңыздылығы екі бастан сірә белгілі. Омбы Майқапшағай дегеннің өзі Қазақстаннан өтетін күре тамырлардың бірі. Қазір енді осы жолмен оңды да солды сауда барлығы осы жолдың бойынан кішігірім сауда ашып жұмыс істесе де халыққа қолайлы болайын деп тұр құдай қаласа.

Аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов облыс халқының атынан Қазақстан Республикасының Үкіметіне, Көлік министрлігіне, «ҚазАвтоЖол» ұлттық корпорациясына және жобаны жүзеге асыруға үлес қосқан мердігер ұйымдарға, инженерлер мен құрылысшыларға өз ризашылығын білдірді

Нұртас Қайролдаев