С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің студенті, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Ернұр Қайырбеков кикбоксингтен өткен әлем кубогінен жеңіспен оралды. Ол Ташкент қаласында өткен халықаралық додада 63 келі салмақ дәрежесінде ел намысын қорғаған.
Ташкент қаласында өткен дүбірлі додаға әлемнің 50 елінен үш мыңнан астам спортшы қатысып, өзара кім мықтыны анықтады. Қазақстан құрамасы сапында ел намысын қорғаған Ернұр Қайырбеков төрт қарсыласында айқын басымдылықпен жеңіп, турнирдің басты жүлдесі – Әлем кубогін иеленді. Спортшы финалда Польша құрамасының мүшесімен кездесіп, биыл Италияда кеткен есесін қайтарды.
Ернұр Қайырбеков, кикбоксингтен Әлем кубогінің чемпионы:
Осы жарысымызда төрт жекпежек ұттым. Төртеуінде айқын басымдылықпен ұттым. Сол өзімнің университетіме, ректорыма, Мұхтар ағама алғысым шексіз. Өзбекстан елінде, Ташкент қаласында жарысымыз өтті. Шешуші кезең ең қиын жекпежегім болды. Үйткені, Польша елінждегі азамат, оған мен осы жылы Италияда ұтылып қалған болатынмын. Осы болы реваншымды алдым.
Спортшы сегіз жасынан бері кикбоксингпен айналысып келеді. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағын иеленген. Қазіргі таңда ұлттық құрама сапында өнер көрсетіп жүр. Жас спортшының айтуынша бұл жарыс – жүйелі жаттығу мен ұзақ жылғы еңбектің нәтижесі. Әлем біріншілігінде топ жарған жас өренді ата-анасы, туған-туыстары мен С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің ұжымы қарсы алды.
Қуаныш Қайырбекұлы, Е. Қайырбековтің әкесі:
Ернұр осы кикбокс спортымен сегіз жасынан бастап айналысты. Жастарға айтатынымыз осы Ернұрдың жолын берсін. Осы Ернұр ұлымыз сияқты әрқашан чемпион болсын. Шығыс Қазақстан университетінің ректоры және проректорларына, балалардың бәрінің келіп жатқанына мың да бір рахмет.
Жаннета Қалимолдина, С. Аманжолов атындағы ШҚУ Тәрбие және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры:
Бүгін біз жеңімпазды қарсы алудамыз. Университетіміздің дене спорты және мәдениеті білім беру бағдарламасының студенті Қайырбеков Ернұр Қуанышұлы бізге үлкен қуаныш әкеліп тұр. Себебі, біздің студентіміз Ташкент қаласында өткен кикбоксингтен әлем кубогінің жеңімпазы атанды.
Ұстаздары жас спортшының тек шаршы алаңда ғана емес, білім жолында да жоғары нәтижеге қол жеткізіп жүргенін айтады. Ал Ернұр Қайырбеков алдағы уақытта да халықаралық деңгейдегі жарыстарда көк туымызды желбіретуді көздеп отыр.
Талант Тұрсынов