Аймаққа жұмыс сапарымен келген ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев өңірдегі бағаны тұрақтандыру бағытындағы шаралармен танысты. Министр ауыл шаруашылығы жәрмеңкесін аралап, тұрақтандыру қоры мен көтерме-тарату орталығының жұмысын көрді.

ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев аймақтағы бағаларды реттеу бағытындағы шараларды бақылап, азық-түлік бағасының тұрақтылығын қамтамасыз ету бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Бұдан бөлек Катонқарағай ауданы ұйымдастырған ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне қатысты. Биыл облыс аумағында 425-тен астам жәрмеңке ұйымдастырылып, жалпы 1,2 млрд. теңгеден астам өнім сатылған. Осындай шаралар тұтынушылар үшін қолжетімді бағаны сақтап, оның негізсіз өсуіне жол бермейді.

Арман Шаққалиев, ҚР Сауда және интеграция министрі:

Сіздермен бірге жәрмеңке аралап шықтық. Мына Алтайда жаңағы сауда көрмелерін көріп отырмыз. СПК-ның сақтайтын қоймаларын. Біздің енді өздеріңізге мәлім үкімет, біздің министрлік жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, бірнеше іс-шаралар қолданып жатырмыз. Олардың негізгі мақсаты – ешқандай тапшылық болмау, жаңағы бағалар тұрақты, қолжетіпді баға тұтынушыларға.

Аймаққа келген министр тұрақтандыру қорының негізгі міндеті – маусымаралық кезеңдерде нарықты қолжетімді өніммен үздіксіз қамтамасыз ету екенін атап өтті. Биыл ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қаржыландыру көлемі екі есеге артқан. Бұл қорлардың мүмкіндігін кеңейтіп, нарықтағы бағаның күрт өсуіне жол бермейді. Сонымен қатар министр Алтай көтерме-тарату орталығының жұмысымен танысты. Мұндай формат өндірушілерге өз өнімін тікелей сату арқылы бағаны 10-15 пайызға төмендетуге мүмкіндік беретінін айтты.

Арман Шаққалиев, ҚР Сауда және интеграция министрі:

Жәрмеңге деген ешқандай делдалсыз, нақты, тікелей өндірушілер өздерінің өнімдерін әкеліп, біздің қаланың әсіресе, тұрғындарына сататын болады. Керек кезде, біз мына тауарлық интергенцияны жасап, өзіміздің ішкі нарықты толтыру керек.

Министр Президенттің тапсырмасына сәйкес, баға тұрақтылығын қамтамасыз ету мен өнім өндірушілерге қолдау көрсету шаралары елдің барлық өңірінде жалғаса беретіндігін атап өтті.

Талант Тұрсынов