Өскеменде «Жұмысшы болсаң, мықтысың» студенттік мансап форумы өтті. Оған Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті мен мамандандырылған колледждерден жүзге жуық студент қатысты. Жастар «Казцинк» компаниясының қызметімен танысып, болашақта жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін қарастырды.
Форумның мақсаты – студенттерді жігерлендіру. Сонымен қатар қазіргі кезде жұмысшы мамандарға деген сұраныстың қандай деңгейде екендігін түсіндіру. Жұмысқа тұрған кезде адал еңбегімен ерлеген азаматтардың мансабы да жоғарылайтындығына көз жеткізу. Бұл форум жастар мен ірі өндірістік компания өкілдері арасында өзара диалог құру арқылы қажетті ақпарат алуға мол мүмкіндік береді. «Казцинк» ЖШС қызметкерлері өздерінің еңбек жолдарымен бөлісіп, олар да жас маман болғандығын, талай жылғы еңбектің нәтижесінде жетістікке жеткендерін тілге тиек етті.
Андрей Лазарев, «Казцинк» ЖШС әкімшілік мәселелер жөніндегі басқарушы директоры:
Жаңадан қолына диплом алған жаңа өмірге қадам басқалы тұрған азаматқа кімде-кім бағыт -бағдар беріп, қандай сала сұранысқа ие және көп ақша табуға мүмкіндік бар екендігінен жол сілтегені маңызды. Еңбек етіп жүріп, біліміңді жетілдіруге, үй алып, отбасыңды қамтамасыз етуге жағдай жасауға болатындығына сенімді болу керек. Оған бүгінгі компания қызметкерлері келтірген мысалдар дәлел. Сондықтан «Казцинк» компаниясының менеджерлері өндірісті таңдаған жастар қателеспегендіктеріне тағы да бір мәрте көз жеткізуге ықпал етеді.
Компания қызметкерлерінің әңгімелері студенттерге еңбекқорлық, табандылық және кәсіби өсу, жетістікке жету жолында өз көмегін тигізетіндігінің айқын үлгісі болды.
Тимур Тоқжігітов, «Казцинк» ЖШС металлургия бойынша атқарушы директордың орынбасары:
Мен осында білім алып жүрген болашақ мамандар тағдырына бей-жәй қарай алмаймын. Мен өз оқиғамды, өндіріске қалай келгенімді, кездескен қиындықтарды айтып, жас мамандардың біраз қорқынышын сейілту үшін келдім. Мен осы қиын салада тәлімгер, жол көрсетуші болғым келеді, сондықтан олар адасып қалмаса екен деймін.
Форумға қатысушылардың арасында өндірістің жұмысымен сырттай таныс студенттер де болды. Мәселен, төртінші курс студенті Исмаил Советқанов кәсіпорында өндірістік тәжірибеден өтіп, еңбек әулетін жалғастыруды көздеп отыр.
Исмаил Советқанов, студент:
Мен Металлургия мамандығын таңдадым, өйткені менің отбасымның барлығы дерлік – анам, әкем және ағам – Казцинкта жұмыс істейді. Өкінішке орай, олардың жоғары білімі жоқ. Менің бүкіл отбасым «Қазмырыш» компаниясында жұмыс істейтіндіктен, мен еңбек әулетінің ізін ары қарай жалғастырғым келеді.
Кездесу аясында студенттер түйіндеме жазу, сұхбат алу және көпшілік алдында сөйлеу дағдылары бойынша шеберлік сабақтарына қатысты. Олар өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алып, кәсіптік жолын бастауға арналған нұсқаулар алды. Бұл форум жастар үшін болашақта таңдаған мамандықтарын одан әрі жетілдіре түсуге бағытталған алғашқы қадам іспеттес болды.
Салтанат Кеңесбекқызы, Яна Мумлева