Қазақ журналистикасында өзіндік қолтаңбасын қалдырған қаламгер, ақын, Қазақстан Жазушылар және Журналистер Одағының мүшесі Мұрат Мырқанұлы Тастағанов дүниеден өтті. «Мәңгі жас ғұмыр», «Марқакөлім – мөп-мөлдірім, мерейім», «Алтын тау – Алтай» жыр жинақтарының авторы, 60-тан астам әннің сөзін жазған ол «Күршім ауданының Құрметті азаматы». Халқының мүддесі мен ертеңі үшін аянбай тер төккен жүрегі кең, көңілі пәк, арда азамат ана тілі мен ұлттық рухты әрдайым жоғары қойды. Елді сүйді, өнерді сүйді.
Мұрат Тастағанов Марқакөл ауданында дүниеге келді. ҚазМУ-дың журналистика факультетін тәмамдаған соң 1980-1992 жылдары қазіргі «Дидар», бұрынғы «Коммунизм туы» газетінде қызмет етті. Одан кейінгі жылдары «Қазақ тілі» қоғамында, сол кездегі облыстық радиотелекомпанияда қазіргі «ALTAI» арнасында абыройлы еңбек етті. Телеарнада жүріп спорт тақырыбына арналған «Саңлақ», білікті де білімді жандармен жүздестірер «Таныс дидар» хабарлары мен өзге де көрермен жүрегінен жол тапқан сюжеттер мен телебағдарламалардың авторы болды. Өзінің білгенін жастарға үйретіп, ағалық қамқорлығын аямады.
Кейін Әміре Қашаубаев атындағы Семей мемлекеттік филармониясында, «Ертіс өңірі» газетінде қызмет етті. Мұрат Мырқанұлы – сөз маржанын терген, әр нәрсені әділдіктің таразысына салып, өлшей білген, журналистиканы мамандық деп емес халықтың үнін тыңдап, мұңын жеткізер абыройлы міндет деп білді. Оның қаламынан туған әр өлең жүректің сырын шертер, ізгілік пен адамдықтың өрнегін сөзбен суреттеген бірегей туындылар. Жаны жайсаң жанның жарқын бейнесі мәңгілікке жадымызда сақталады. Таланты да талапты азаматтың өзі кетсе де көңілде сөзі қалды. Өшпес ізі қалды.
Салтанат Кеңесбекқызы