Республика күніне орай Өскеменде мектеп оқушыларына арналған ерекше шара өтті. Шығыс Қазақстан облысының білім басқармасы мен «Өскемен өнеркәсіптік арматура зауыты» АҚ бірлесіп жұмысшы мамандықтарды насихаттау мақсатында ашық есік күнін ұйымдастырды. Болашақ түлектер өндіріс орнын аралап, инженерлік және техникалық кәсіптермен жақын танысуға мүмкіндік алды.
Ашық есік күніне облыс орталығындағы мектептердің жоғарғы сынып оқушылары қатысты. Олар зауыт аумағын аралап, зауыттың тыныс-тіршілігімен танысты. Оқушыларға өндірістегі еңбек қауіпсіздігі, жұмысшылардың күнделікті жұмыс тәртібі және ауыр металдарды өңдеу кезеңдері көрсетілді.
Толқын Нұрлан, ШҚО кәсіптік білім беру орталығының кәсіби бағдар беру және ұйымдастыру бөлімінің әдіскері:
Республика күніне орай және жұмысшы мамандықтар жылының аясында ШҚО білім басқармасы Өскемен өнеркәсіптік арматура заводымен бірлесіп мектеп оқушыларына ашық есік күнін ұйымдастыруда. Шараның мақсаты жастардың сұранысқа ие жұмысшы мамандықтары туралы танысуына жағдай жасау және техникалық мамандықтарға қызығушылықтарын арттыру. Кәсіби ғадар беру екскурсиялары мектеп оқушылары үшін өте маңызды сәт деп білемін. Үйткені олар болашақта өз мамандықтарын таңдауда маңызды шешім болып табылады.
Оқушылар өндіріс орнын аралап, заманауи металл өңдеу құрылғыларының жұмысымен етене танысты. Кәсіпорын мұнай-газ саласына қажетті өнеркәсіптік арматура түрлерін шығарумен айналысады. 2013 жылы іске қосылған зауыт әр өнімін қатаң бақылайды, сапаға ерекше мән береді. Мұнда өнімнің беріктігі ультрадыбыстық және магниттік әдістер арқылы тексеріліп, әр бөлшек жеке сынақтан өтеді.
Жанбота Малғаждаров, «Өскемен өнеркәсіптік арматура зауыты» АҚ өндіріс директоры:
Балаларға толық шығару процесі көрсетілді. Кіргеннен бастап қалай кесіледі, қалай жонылады, қалай шыңдалады одан кейін тексерістен өтеді боялғаны бар сол түгел көрсетілді. Шығаратынымыз мұнайға, құбырларға арналған заттар. Шеберный задвижка дейді АФК дейді соларды шығарамыз. Біздің шығарған заттарымыз Батысқа мұнайды өңірге барады. Кей біреулері Ресейге кеткен кездері бар.
Жасөспірімдер өңдеу қондырғыларының жанында жүрген мамандармен тілдесіп, өздерін қызықтырған кәсіп жайлы сұрақтарын қойды. Оқушылардың басым бөлігі өндіріс орнына алғаш рет келген.
Елдос Нұраш, мектеп оқушысы:
Маған ең қатты ұнағаны ана жерде тұрған станок. Темір өңдейтін. Сол өте қатты ұнады маған. Мен осындай зауытта болашақта жұмыс істегім келеді. Үйткені мұнда бәрі профессионально және бәрі безопастно.
Елизавета Козлова, мектеп оқушысы:
Ашық есік күніі көңілімізден шықты. Мұндағы мамандар бізді жылы қарсы алып, сұрақтарымызға жауап берді.Түрлі салаға қажетті өнімнің қалай дайындалатынын көрсетті. Бұл зауыт мені ерекше әсерге бөледі. Мұндағы жұмысқа деген жауапкершілік пен нақтылық менің көңілімнен шықты. Шынымды айтсам, мен болашақта осы салада еңбек етіп, ел экономикасының дамуына өз үлесімді қосқым келеді.
Ашық есік күні оқушылар үшін кәсіби бағдардың нақты алаңына айналды. Жастар өндірістегі еңбек адамдарының маңызын, техникалық кәсіптердің беделін түсінді. Бұл – жай ғана экскурсия емес, болашақ мамандыққа жасалған алғашқы қадам.
Нұртас Қайролдаев