Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов жұмыс сапарымен Ұлан ауданында болды. Аймақ басшысы білім, спорт және әлеуметтік нысандарды аралап, олардың жұмысымен танысты. Таврия ауылында жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылып, Привольное ауылындағы спорт кешені мен дәрігерлік амбулаторияда жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарын көрді. Сондай-ақ облыс әкімі жергілікті тұрғындармен кездесіп, өңірдің даму жоспарларын талқылады.
Облыс әкімінің жұмыс сапары Саратовка ауылындағы Шығыс Қазақстан көпсалалы колледжінен басталды. 1945 жылдан бері шәкірттерге білім беріп келе жатқан бұл оқу орнында ауыл шаруашылығы, техника және IT бағыттары бойынша мамандар даярланады. Қазір мұнда 400-ден астам студент оқиды, олардың көбі дуальды жүйе арқылы тәжірибені өндіріс орындарында өтейді. Колледж базасында еңбек нарығының сұранысына сай жаңа мамандықтар да ашылуда.
Уралбек Оспанов, «Шығыс Қазақстан көпсалалы колледжі» КМҚК директоры:
Жаңа мамандықтар ашылған өте жақсы болды бізге. Неге десеңіз 104 бала бірақ қабылдап алдық. Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша мынау қазір Зайсанда, Катонда ашылып жатқан әуежайға соған біз мамандар даярлаймыз.
Бұдан бөлек, Таврия ауылында заманауи дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылды. Салтанатты шарада облыс әкімі тұрғындарды жаңа нысанның ашылуымен құттықтады.
Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
Біздің тек спортшыларымыз ғана емес, соныменқатар ауыл тұрғындары да осы спорт кешенінде футбол, баскетбол, волейбол, фитнес болсын басқа да спорт түрлерімен шұғылданып өздерінің денсаулықтарын нығайтып ала алады.
Сапар барысында Облыс әкімі аудан тұрғындарымен де кездесті. Кездесу барысында аймақ басшысы өңірде атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы айтты. Жиында тұрғындар жол жөндеу, ауыл инфрақұрылымы және туризмді дамыту мәселелерін көтерді.
Аймақ басшысы Дубығалы көліне апаратын жолды аудандық маңызы бар жолдар тізіміне енгізу туралы шешім қабылданғанын атап өтті.
Аудан тұрғындарымен кездесуден кейін облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов Таврия ауылындағы жаңа орталық қазандықтың жұмысымен танысты. Қуаттылығы 5,4 мегаватт болатын қазандық әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлерді орталықтандырылған жылумен қамтамасыз етуге бағытталған.
Ауданға сапары барысында облыс әкімі Привольное ауылындағы спорт кешеніне барды. 2008 жылы салынған нысанда қазір 65 млн.теңгеге күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр.
Бекарыс Секен