С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде жаңа мамандықтар атласына арналған «Мамандығым – болашағым» форумы жалғасуда. Бүгін форумның үшінші күні өтіп жатыр. Кеңестің үшінші кезеңінде өңірге қажет деген салаларға кадр тарту мәселесі қаралды. Төрт күнге жоспарланған шара еңбек нарығындағы жаңа үрдістерді айқындап, маман тапшылығын жою үшін қажет.
Қазіргі таңда аймақтағы еңбек нарығында төрт мыңнан астам бос жұмыс орны бар. Соның ішінде ең үлкен тапшылық — білім беру саласында. Өңір бойынша мектептерге 900-ден астам мұғалім қажет.
Арайлым Есімбекова, Облыстық еңбек мобильділігі орталығының директоры:
Болашақ түлектерге ата-аналарымен бірге отырып, «Мансап компасы» платформасымен танысуға шақырамын. Біздің аудан мен қалаларда мансап орталықтары осы жұмыспен айналысады. Қазір 5200-ге тарта жоғарығы сынып оқушылары осы компаспен танысып, өздеріне кәсіби бағдар ала алды.
Форумға туризм саласының мамандары да қатысты. Олар саладағы кадр тапшылығын атап өтіп, білім беру бағдарламаларын заман талабына сай жетілдіру қажеттігін айтты.
Сымбат Рамазанов, Облыстық туристік ақпарат орталығының директоры:
Өкінішке орай, жалпы Қазақстан бойынша бізде 3 тілді білетін қазақ, орыс, ағылшын тілін білетін гидтер тапшы. Сондықтан, ЖОО –да, колледждерде кәсіпкерлермен бірлесіп, жұмыс жасау керек деп ойлаймын. Үйткені, елбасы да жолдауында айтқандай ЖИ, заманауи технологияны туризм саласына енгізу үшін бізге білікті маман керек. Сондықтан, оқу орындарының бағдарламаларын басқа бір тараптан қарап, заман талабына сай кадрларды даярлау керек деп ойлаймын... Қытай тілін білетін маман жоқ. Ал, гид дегеніміз –тарихты білетін, оны бұрмаламайтын, дәйекті жеткізетін туризм саласындағы білікті мамандар.
Өңірде кадр тапшылығы энергетика саласында да сезіледі. 1949 жылы құрылған «Біріккен ЭнергоСервистік Компания» АҚ бүгінде Шығыс және Абай облыстарында 3500-ге жуық қызметкерді біріктіреді. Компания оқу орындарымен меморандумдар жасасқан. Кәсіпорын бүгінде жас мамандарды жұмысқа тартуға мүдделі.
Ерболат Әлпиев, «БЭСК» АҚ Алтай аймағының директоры:
Біздің «БЭСК» АҚ орталығында кадр жетіспеушілігі өте сезіледі. Үйткені, мұнда техникалық мамандар жетіспейді. Диспетчер, мастер, электромонтерлар, тіпті қарапайым жүргізушілер жетіспейтін жақтары бар. Бізде тұрақты жалақы төленіп тұрады. Бізде барлық қауіпсіздік қарастырылған...қажеттілік заманы.
Еңбек нарығының сұранысына сай кадр даярлау — аймақтық экономиканың тұрақты дамуының басты шарты. Форум осы бағыттағы нақты шешімдер мен ұсыныстар алаңына айналды.
Фатима Тілейханқызы