Облыс орталығында әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған дөңгелек үстел өтті. Шараға бұл саланы ілгерілетіп жүрген бизнес өкілдері мен қоғам белсенділері қатысты. Олар кәсіп жүргізудің тиімді жолдарын талқылап, өз тәжірибелерімен бөлісті. Бұдан бөлек, нақты қолдау тетіктерін де ұсынды.

Өңірде өткен кездесуге еліміздегі алғашқы әлеуметтік кәсіпкерлердің бірі - Эмин Аскеров қатысты. Ол аталған сала бүгінде мемлекеттің әлеуметтік міндеттерін тиімді іске асырып отырғанына тоқталды. Кәсіпкерлер бизнес арқылы қоғамдағы өзекті мәселелерді шешіп, жаңа жұмыс орындарын құрып, осал топтарға қолдау көрсетуде. Алайда, бұл бағыттың одан әрі дамуы мемлекет тарапынан жүйелі қолдауға тікелей байланысты.

Эмин Аскеров, ҚР Президенті жанындағы ұлттық құрылтайдың мүшесі:

Дөңгелек үстелдің бірінші бірінші мақсатымыз – ол әлеуметтік кәсіпкерлік туралы сұрақтар көтеру. Статистика бойынша 20 региондардың ішінде Шығыс Қазақстан 16 орында тұр.

Шарада аймақтық тәжірибе де назардан тыс қалмады. Өңірдегі «NIET.WOMAN» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Алтынай Төлеухан әлеуметтік кәсіпкерлер жүзеге асырып жатқан жобаларды таныстырды. Мәселен, облыс орталығындағы аутизмі бар балаларға арналған еліміздегі алғашқы мектеп-балабақша «Страна чудес» балаларды оңалту мен түзету орталығы «Демеу» және менталдық ерекшелігі бар балаларға арналған «Blue Fox» оңалту орталығы жұмыс істеп тұр.

Алтынай Төлеухан, «NIET.WOMAN» әйелдер бастамаларының қауымдастығы» ҚБ төрағасы:

Бүгінгі таңда дөңгелек үстелді ұйымдастыру себебі бұл жаңағы әлеуметтік кәсіпкерлікті біздің өңірімізде дамыту. 2022 жылы әлеуметтік кәсіпкер жайындағы заң қабылданған болатын. Алайда бүгінгі таңға дейін, бүгінгі күнге дейін бізде Шығыс Қазақстан облысы бойынша, бүкіл Республикадан алатын болсақ 1540 әлеуметтік кәсіпкерден 46 кәсіпкер тек қана біздің Шығыс Қазақстан облысында тіркелген. Негізі әлеуметтік кәсіпкер дегеніміз бұл қандай да бір әлеуметтік мәселені шешетін бизнес түрі.

Динара Наумова, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты:

Бұл алаңның маңызы – әйелдерді бір мақсат, бір міндет жолында біріктіру. Сондықтан дөңгелек үстел – нақты практикалық шешімдер әзірлеудің сәті деуге болады. Мұнда мемлекеттік органдардың, парламенттің, үкіметтік емес ұйымдардың және бизнес қауымдастығының күштері біріктірілді. Менің ойымша, дәл осы жерде біз негізгі міндеттерге назар аудара аламыз.

Жиын қорытындысы бойынша әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдау мен өңірлерде тең мүмкіндік қалыптастыру – қоғам дамуының маңызды бағыты екені атап өтілді.

Салтанат Кеңесбекқызы, Талант Тұрсынов