Республика күні қарсаңында Самар ауданында тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған бірқатар әлеуметтік нысан пайдалануға берілді. Қараөткел ауылында жаңа мәдениет және денсаулық сақтау ошағы ашылса, Самар ауылында «Бірқабатты Шығыс» бағдарламасы аясында тұрғын үй кілттері табысталды. Ал Құлынжонда ерекше күтімді қажет ететін балаларға арналған әлеуметтік қызмет көрсету орталығы жұмысын бастады.
Қараөткел ауылы – шамамен 200 тұрғыны бар шағын елдімекен. Бұған дейін мұнда мәдениет үйі де, заманауи медициналық нысан да болмаған. Енді ауыл тұрғындары көптен күткен қуанышқа қол жеткізді. Жаңа клуб пен фельдшерлік-акушерлік пункт қолданысқа берілді. Бұдан бөлек, ауыл клубында кітапхана да жұмыс істей бастады. Бұл – шалғайдағы ауыл халқы үшін рухани және мәдени өмірдің жаңғыруына жол ашқан маңызды оқиға.
Серік Жеңісов, Самар ауданының әкімі:
Биыл Республика күні қарсаңында біздің жерден шалғай жатқан Қараөткел дегенауылымызда мәдениет үйін ашып отырмыз. Бұл мәдениет үйі тоқсаныншы жылдары тоқырау болған кезде жабылған болатын. Оның орынында ештеңке қалғанжоқ. Міне биыл осыны ашып отырмыз.
Ал Самар ауылында «Бірқабатты Шығыс» бағдарламасын іске асыру қарқынды. Төрт айдың ішінде 14 жаңа тұрғын үй салынып, әлеуметтік осал топ санатындағыларға берілмек. Жаңа үйлер «Әуежай» шағын ауданында бой көтерді. Бұл ауданда 150 орындық мектептің де құрылысы жүріп жатыр.
Нұртас Иманжанов, мердігер компания өкілі:
Уақытқа сай жұмыс жасап жатырмыз. Толығымен енді біз қараша айының ортасына таман аяқтаймыз деп ойлаймын. Негізінде мына жердегі жұмысты бізде, өзімізде мысалы каждый, әр үйге 4 жұмысшыдан алдым. Сол 4 жұмысшымен қазір толығымен аяқтап жатырмыз. 12 жұмысшы қалды қазір.
Жоба облыстық және республикалық бюджет есебінен қаржыландырылған. Құрылыс жұмыстары келер жылы да жалғасын табады.
Серік Жеңісов, Самар ауданының әкімі:
Биыл Самар ауданында алғашқы рет 14 үй бірден салынып отыр. Бұл деген 28 пәтер болады. Алдағы уақытта, келесі жылдарда тағы да осындай салғалы жатырмыз. Бүгінгі күнде Самар ауданы бойынша 430 адам кезекте тұр. Үйлерді салып жатқан төрт мердігер компания. Қараша айының аяғында осы үйлерді Отбамс банк арқылы біз халыққа тарата бастаймыз.
Құлынжон ауылында да ерекше қуаныш. Мұнда Самар ауданы әкімдігінің аумақтық халыққа әлеуметтік қызмет көрсету орталығы ашылды. Орталықта ерекше күтімді қажет ететін балаларға қымет көрсетіледі. Ауданда аталған санатқа жататын 82 бала бар. Балғындар орталықтың ашылу салтанатына ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов сыйға тартқан шағын автобуспен келді.
Ғалия Құдайбергенова, Самар ауданының тұрғыны:
Ерекше қызым бар. Бес жаста. Осы орталықты мүмкіншілігі шектеулі балларға арналып осы ауданымызда бірінші рет осы бой көтеріп отыр. Президентімізге де рахмет! Мүмкіншілігі шектеуклі балаларды қолдап. Осы орталықтардың ашылуына септігі тиіп жатыр.
Осылайша, Республика күні қарсаңында Самар ауданының ауылдары жаңа әлеуметтік нысандармен толықты. Тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған тың жобалар алдағы уақытта да іске асырылмақ.
Талант Тұрсынов