Облыс орталығында техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының педагогтері арасында КСРО халық ағарту ісінің үздігі, Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі Асқар Ислямов атындағы «Үздік педагогикалық эссе» республикалық байқауы өтті. Шара ҚР Оқу-ағарту министрлігінің бастамасымен ұйымдастырылған. Байқаудың мақсаты — ұстаз мәртебесін арттыру, шығармашыл педагогтерді қолдау.

Шараға елдің 16 өңірінен келген түрлі бағытта білім беретін педагогтер қатысты. Қатысушылар байқау арқылы ұстаздардың маңызын, өз тәжірибесінен түйген ойларын ортаға салды. Көкшетаудан келген педагог Қуаныш Қаржаубайұлының айтуынша, ұстаздардың мәртебесін көтеріп, олардың еңбегін айқындауда дәл осындай бастамалар себепкер.

Қуаныш Қаржаубайұлы, Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің филология пәнінің мұғалімі:

М.Жұмабаев айтады ғой «Алты алаштың баласы жиналса, төрдегі орын мұғалімдікі» дейді. Бұл мұғалім мәртебесіне жасалған үлкен қадамдардың бірі деп ойлаймын. Себебі, қазіргі таңда Президенттің айтуымен үлкен жұмыстар жүргізіліп жатыр. Ал, мұндай семинар мұғалім мәртебесі мен қоғамдағы орнын анықтауда үлкен күш салады деп ойлаймын. Үлкен облыстарда өткен жүздеген қатысушылар бар, олардың барлығы А.Ислямовтың мұрасы арқылы өздеріне шығармашылық толғаныс алуы мүмкін. Мотивациялық бағыт алуы мүмкін.

Шараға Асқар Ислямовтың ұрпақтары қатысты. Ұлағатты ұстаз, ардақты әкенің өзінен тараған он баласы бар. Оның алтауы қыз, төртеуі ұл. Үлкен ұлы Аман Ислямов 42 жыл Тарбағатай ауданында ұстаздық саладан бастап бөлім меңгерушісі қызметіне дейін жұмыс атқарған. Ол осы кешке арнайы келіп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Аман Ислямов, А.Ислямовтың ұлы:

Жалпы, әкеміз бен алтын құрсақты анамыздан 10 бала бар. Соның сегізі ұстаздық мамандықты таңдады. Қазіргі таңда өз кіндігінен, яғги 8 баладан тараған, күйеу-бала, ағайындарының бәрін қосатын болсақ 1200-ден асады. Соның он сегізі педагогика, білім, ғылым, ағарту саласында қажырлы еңбек етіп келе жатыр.

Асқар Ислямов – педагогика саласында өшпес із қалдырған тұлға. Байқауға қатысушылар оның өмір жолымен және педагогикалық мұрасымен танысты. Белгілі ұстаздың еңбегі — өзінен кейінгі жас буын мен білім саласында жүрген барша азаматқа үлгі.

Фархат Құрманов, Абай атындағы Шығыс Қазақстан гуманитарлық колледжінің директоры:

Эссенің мақсаты – ұстаз деген ұлы мамандықты ұлықтау. Бүгінгі сайысқа еліміздің 16 өңірінен келіп отыр. Бұл қатысушылар өздерінің өңірлерінен топ жарып, жеңіп келген қатысушылар. Бұл тек педагогикалық ғана емес, барлық ұстаздар келіп отыр. Президент Қасым –Жомарт Тоқаев бұл жылды «Жұмысшы мамандықтар» жылы деп жариялаған болатын. Бұл үлкен шара осы «Жұмысшы мамандықтар» жылы аясында өтіп жатыр.

Байқау жеңімпаздары ҚР Оқу-ағарту министрлігінің арнайы дипломдарымен марапатталатын болады.

Фатима Тілейханқызы