Катонқарағайда мемлекеттік бағдарламалар аясында көші-қон қарқынды жүзеге асуда. Биыл өңірлік квота бойынша 9 отбасы қоныстанды. Тағы 50 жанұя көшіп келуге дайындық үстінде. Шымкент қаласында өткен бос жұмыс орындары жәрмеңкесінде қоныс аударуға 68 және Сарыағаш ауданынан 24 отбасы ниет білдірген. Бұл туралы аудан әкімі Данияр Дюсембаев Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлімдеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа жолдауында айқындалған міндеттерге сәйкес, Катонқарағай ауданында экономиканы әртараптандыру, ауыл шаруашылығын дамыту, туризм мен инфрақұрылымды жаңарту бағытында нақты жұмыстар жүргізілуде. Аудандағы өнеркәсіп өндірісі өткен жылмен салыстырғанда 164 пайызға, ал ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 114 пайызға артқан. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 25 миллиард теңгеден асып, 760 пайыздық өсім көрсетті. Катонқарағай ауданында салынып жатқан әуежай Астана, Алматы, Өскемен, Семей қалаларымен қатар, Қытайдың Алтай және Қанас, сондай-ақ Моңғолияның Баян-Өлгей қалаларымен әуе қатынасын қамтамасыз етпек. Аудандағы басты басымдықтардың бірі – туризм саласы. Табиғаты тұмса, көркі көз сүйсіндірер Катонқарағайда биыл төрт ірі жоба жүзеге асырылуда.

Данияр Дюсембаев, Катонқарағай ауданының әкімі:

«Верх-Катунь» пантоорталығын кеңейту (400 млн теңге); Аршаты ауылында «Altay Resort» демалыс кешенін салу (2 млрд теңге);Өрел ауылындағы «MuzTau» эко-отелінің аумағында мейрамхана тұрғызу (200 млн теңге); Катонқарағай ауылында «ALTAY TERRA RESORT» туристік кешенін салу (500 млн теңге) туризімнің дамуына үлесін қосып жатыр.

Инфрақұрылым саласында да жүйелі жұмыстар атқарылуда. Биыл жалпы құны 1,35 млрд теңге болатын 6 жоба жүзеге асырылып жатыр. Аршаты ауылына баратын жолды жөндеу жұмыстары толық аяқталды. Шыңғыстай ауылы маңында қуаттылығы сағатына 80 тонна болатын жаңа асфальт-бетон зауыты іске қосылды. Катонқарағай ауылында көше жарығын орнатуға 30 млн. теңге бөлінген, су құбыры жүйесін жаңарту жұмыстары да аяқталуға жақын. 4 жыл бұрын құрылысы басталған дене шынықтыру-сауықтыру кешені қазан айының соңына дейін ел игілігіне берілмек. Ал Топқайың ауылындағы су құбыры желілерін қайта жаңарту жұмыстары да толықтай аяқталды. Сондай-ақ, Бұланты өзенінен өтетін Қараайрық көпірін қайта жаңарту жұмыстары басталды.

Данияр Дюсембаев, Катонқарағай ауданының әкімі:

Қарайрықтың ағаш көпірі бар қаншама жылдар болған. Соған былтыр облыстан қаражат бөлініп, 592 млн. биыл плиталарын жабады. Келесі жылы толықтай аяқтайды.

«Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында ауданнан 47 жоба ұсынылып, олардың 24-і мақұлданды. Бұл жобалар ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, этнотуризмді дамыту және ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға бағытталған. Құрылыс қарқыны да айтарлықтай артқан. Ауданда жалпы сомасы 11 млн. теңгенің құрылыс жұмыстары жүргізіліп, 4 088 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Биыл «Бірқабатты шығыс» бағдарламасы шеңберінде ауданда 6 үй салынып жатыр.

Қымбат Иманғали