Өскеменде қаржылық сауаттылыққа арналған республикалық диктант өтті. Оның мақсаты - халықтың қаржы саласындағы білімін арттырып, ақшаны басқарудағы жауапкершілікті қалыптастыру. Шараны Экономикалық тергеп-тексеру департаменті ұйымдастырды. Жалпы аймақ бойынша бұл тестілеуге 153 мыңға жуық азамат қатысты.

Елімізде Қаржы мониторингі агенттігінің бастамасымен «Қаржылық қауіпсіздік» тақырыбында республикалық диктант өтіп жатыр. Биыл FinIQ тестіне 1 млн. 200 мыңнан астам қазақстандық тіркеліп, олардың басым бөлігі өз білімін сынады. Қатысушылар қаржылық пирамидалардан қорғану, «дроп» ұғымының мәні, жеке деректер мен онлайн-төлемдердің қауіпсіздігі жөніндегі сұрақтарға жауап берді.

Арман Жүнісов, Облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы:

10-20 ы қазан аралығында қаржы мониторингі агенттігімен финайкю диктант өтті. Бұл диктант қаржылық сауаттылықты үйренуге арналған болатын. Бұл диктанқа жас оқушылар, студенттер, жұмыскерлер, қаржы саласында жұмыс істейтін мамандар қатысты.Біздің өңір бойынша 150 мыңнан астам азаматтар қатысып өз белсенділіктерін көрсетті. Осы диктанның басты мақсаты біздің халықтың қаржылық сауатын арттыру болып табылады.

Диктанттың мақсаты - азаматтарды қаржылық алаяқтықтан қорғау және олардың қаржылық қауіпсіздік қағидаттары туралы білімін арттыру. Қатысушылар өз деңгейін тексеріп қана қоймай, арнайы сертификат алуға мүмкіндік алды.

Аманбай Нұркенов, «AMANAT» партиясы ШҚОФ атқарушы хатшысының орынбасары:

Біздің облысымыз бойынша үш жарым мыңнан астам біздің партия мүшелері қатысты. 41 депутат қатысты. Барлық аудан қалалардағы біздің филиал төрағалары партия белсенділері қатысты. Бұл біздің президентіміз жолдауында айтып жүретін Қарыссыз қоғам бойынша жобаның таратылуы бойынша үлкен тапсырмалар берілген болатын. Биыл бүгінгі күні 11 мыңнан астам адамды оқытып шығардық.

Диктантқа қатысушылардың арасында үздік нәтиже көрсетіп, жүлдеге ие болғандар да бар. Олар үшін бұл тек білім сынағы ғана емес, өз мүмкіндігін дәлелдеудің, жаңа тәжірибе алудың тамаша мүмкіндігі болды.

Анастасия Цыбульская, республикалық диктанттың қатысушысы:

Қаржылық қауіпсіздік пен сауаттылық диктанттарына қатысу мүмкіндігін бергендеріңізге үлкен алғысымды білдіремін. Қазіргі заманда бұл өте маңызды деп есептеймін, себебі көптеген адамдар алаяқтықтың әртүрлі түрлеріне тап болып жатады. Сондықтан қаржылық сауаттылық кез келген жастағы адам үшін пайдалы және қажет білім. Мен бұл шараға қатысып, өз білімімді дамыта алғаныма қуаныштымын.

Қаржылық сауаттылықты арттыру мен азаматтардың сақтығын күшейту еліміздің экономикалық тұрақтылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды бөлігі. Ал осы шара соның айғағы іспетті.

Бекарыс Секен, Руслан Абугалиев